Live

Абай облысында жүргізуші куәлігін заңсыз берумен айналысқан арнайы ХҚКО қызметкерлері ұсталды

Абай облысында жүргізуші куәліктерін заңсыз рәсімдеуге байланысты сыбайлас жемқорлық схемасының жолы кесілді. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Фото: ҰҚК

Прокуратураның мәліметінше, заңсыз әрекет қадағалау органының тапсырмасымен жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде анықталған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, арнайы ХҚКО-да азаматтардан жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емтихандардан «сәтті өткізу» мақсатында заңсыз ақша алу схемасы жұмыс істеген.

Тергеу барысында арнайы ХҚКО-ның жекелеген қызметкерлері сенімді адамдар арқылы жүргізуші куәлігін ақшаға алғысы келетін азаматтарды іздегені анықталған.

Сонымен қатар заңсыз схемаға делдалдар да тартылған. Олар үміткерлерге нұсқаулық өткізіп, теориялық емтихан кезінде жауаптарды сырттан алу үшін арнайы техникалық құралдармен қамтамасыз еткен. Аталған құрылғылар тәркіленіп, қылмыстық іс бойынша заттай дәлел ретінде танылды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Абай облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері арнайы ХҚКО-ның лауазымды тұлғаларын ұстады.

Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын және қылмыстық схемаға қатысы болуы мүмкін өзге адамдарды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Прокуратура Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ ведомство пара беру мен пара алу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді заңсыз тәсілмен алуға әрекеттену қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: ҰҚК