Абзал Құспан: «Шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерге отырады»
Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партия өз кандидаттарының тізімін жариялады. Алайда қоғам бұл тізімнен заң шығару ісінде тәжірибесі бар, кәсіби біліктілігімен танылған тұлғаларды іздегені анық. Солардың бірі – заңгер, Мәжілістің бұрынғы депутаты Абзал Құспан.
Ол неліктен ешбір партияның тізіміне ілікпеді? Жаңа Конституция негізінде жасақталатын Құрылтай қандай болуы керек? Құрылтайға кәсіби заңгерлер керек пе? Осы және өзге де сауалдарды экс-депутаттың өзіне қойған едік.
– Абзал Темірғалиұлы, көпшілік партия ұсынған кандидаттар тізімінен сіздің аты-жөніңізді іздеді. Құрылтай сайлауынан сырт қалуыңыздың себебі неде?
– Заң бойынша кез келген азамат партияға өзі де өтініш бере алады. Бірақ мен саясатта да, өмірде де шақырылмаған жерге сұранып баруды жөн көрмедім. Басынан-ақ: «Егер қажет деп тапса – шақырсын, ал қажет болмаса, өзім бармаймын» деген ұстанымымды айттым. Сол сөзімде қалдым. Қазіргі таңда ешбір саяси партияның мүшесі емеспін.
Мен үшін депутаттық қызмет – мақсат емес, халыққа қызмет етудің бір кезеңі ғана болды. Қазір жазғы уақыт болғасын демалып, әрі жеке шаруаларымды реттеп алмақпын. Оның ішінде таза қазақы ортаға тән той-томалақ та бар дегендей. Бұрын «қызметтемін, қол тимейді» деп қашқақтап жүрсем, қазір айтар сылтауым да жоқ. Әртүрлі ой-жоспар бар, шешімді күзге таман қабылдаймын. Бірақ бір нәрсе анық – қоғамнан алыстамаймын. Тек ғылыми жұмысыма қатысты уақытша белсенді болмауым мүмкін. Жуырда қылмыстық құқық саласы бойынша докторлық диссертациямды аяқтауым керек.
Ерте ме, кеш пе, әлеуметтік желілер арқылы азаматтарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң үстемдігі мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға өз үлесімді қосу жоспарымда бар.
Бұл, әсіресе, қазақтілді ортаға қажет дүние. Егер мемлекет пен қоғамға пайдам тиетін жаңа міндеттер ұсынылса, оны да жауапкершілікпен қарастыруға дайынмын.
– Өзге партиялар ұсынған кандидаттардың арасында көңіліңізден шыққан, үміт артатын азаматтар бар ма?
– Әрине, әр саяси ұйым кандидаттарды өз өлшеміне қарай ұстанымы мен талаптарына сәйкес іріктейді. Сондықтан бұл – олардың ішкі таңдауы. Дегенмен ұсынылған тізімдерге көз жүгірткенде кәсіби біліктілігімен танылған азаматтардың барын байқадым. Мәселен, «Әділет» партиясы ұсынған кандидаттардың қатарынан қазіргі Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев, сонымен қатар жеке таныстығым болмаса да, Бишімбаев ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы ретінде қоғамға кеңінен танылған заңгер
Айжан Аймағанова сияқты заңгерлерді көргеніме қуаныштымын. Меніңше, заң саласында тәжірибесі мол, кәсіби көзқарасы қалыптасқан мамандардың заң шығарушы органның жұмысына араласуы өте маңызды. Өйткені мұндай азаматтар құқықтық реформаларды жетілдіруге, заңдардың сапасын арттыруға және қоғамдағы өзекті мәселелерді құқықтық тұрғыдан шешуге нақты үлес қоса алады.
– Құрылтайға қажетті депутаттар саны – 145. Ал «Әділет» партиясы 186 үміткердің есімін жариялады. Мұны «билікке келуге дайын партиямыз» деген саяси месседж ретінде қабылдауға бола ма? Сіз қалай ойлайсыз?
– Мен қандай да бір партияның ішкі саяси стратегиясына немесе тактикасына баға бергім келмейді. Бірақ бір нәрсе анық: кандидат саны емес, олардың сапасы маңызды. Қоғам бүгінде партиялардың ұранына немесе қанша адам ұсынғанына қарап емес, сол тізімдегі азаматтардың кәсіби біліктілігіне, өмірлік тәжірибесіне және халық арасындағы беделіне қарап баға береді. Сондықтан кез келген саяси күш үшін ең басты міндет – елдің сеніміне ие болған, қоғамның мәселесін түсінетін, жауапкершілікті өз мойнына ала алатын кәсіби азаматтарды ұсыну. Егер кандидаттардың деңгейі жоғары болса, олардың саны өздігінен екінші кезекке ығысады. Өйткені халыққа ең алдымен сан емес, сапа қажет. Ал сенім де дәл осындай қағидатпен қалыптасады.
– Қазақстан халық партиясы ұсынған 72 кандидаттың қатарында әнші Тамара Асар мен тележүргізуші Аша Матайдың есімдері де бар. Қазірдің өзінде қоғамда «заң шығаратын органда олардың атқаратын рөлі қандай болмақ?» деген сауалдар айтылып жатыр. Тіпті мұны әжуаға айналдырып, сайлауалды сәтсіз пиар деп бағалап жатқандар да жетерлік. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
– Танымал адам болу жалпы жаман нәрсе емес. Бірақ заң шығару – өте күрделі әрі кәсіби жұмыс. Парламент немесе Құрылтай – ең алдымен заң шығаратын, мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылданатын алаң. Сондықтан негізгі өлшем танымалдылық емес, мұнда кәсіби дайындық, заң шығару процесін түсіну, мемлекеттік басқару тәжірибесі, қоғамдағы өзекті мәселелерді саралай білу және жоғары жауапкершілік бірінші орында тұруы қажет. Егер кандидат осы талаптарға сай келіп, заң шығару ісіне нақты үлес қоса алатын болса, мамандығы екінші орында. Ал егер таңдау тек танымалдылыққа негізделсе, онда қоғамның күмәні де түсінікті, менің ойым да бұл тұрғыда көпшілік жағында. Себебі бүгінгі таңда азаматтар саясаттан жарқын есімдерді емес, нақты нәтиже көрсететін, елдің мүддесін қорғай алатын білікті тұлғаларды күтеді.
– «Егер Құрылтай құрамына өз саласының білікті мамандары келмесе, оның бұрынғы Парламенттен қандай айырмашылығы болады?» деген сауал қоғамда жиі айтылып жүр. Сіз не дейсіз?
– Меніңше, жаңа жүйенің артықшылығы оның атауымен емес, ең алдымен құрамымен және атқаратын қызметінің сапасымен өлшенуі керек. Егер Құрылтай құрамына заңгерлер, экономистер, инженерлер, дәрігерлер, педагогтер, аграрлық сала мамандары, кәсіпкерлер және қоғам өмірінің түрлі саласында тәжірибе жинаған кәсіби азаматтар келсе, қабылданатын шешімдердің де, әзірленетін заңдардың да сапасы жоғары болады. Өйткені әрқайсысы өз саласының мәселесін терең түсінеді әрі нақты ұсыныс бере алады. Ал егер бұрынғы қателіктер қайталанса, атауды өзгерткеннен ештеңе өзгермейді. Кәсібиліктен гөрі басқа өлшемдер басымдыққа ие болса, онда жаңа құрылымнан қоғам күткен нәтиже шықпауы мүмкін. Сондықтан басты мәселе – институттың атауы емес, оның сапасы екендігі нақты аксиома.
– Үш жыл депутат ретінде қызмет атқарып, бірқатар заң жобасының қабылдануына атсалыстыңыз. Алдағы уақытта қоғамдық-саяси қызметіңізді жалғастырасыз ба, әлде өзге жоспарларыңыз бар ма?
– Жай сәйкестік пе, әлде солай ойластырылған ба білмеймін, тура үш жыл, үш ай, үш күн жұмыс істеппіз. Осы уақыт ішінде заң шығару жұмысына белсенді араластым. Өзім бастамашылық жасаған 24 заң жобасы болды, 7 жұмыс тобына жетекшілік еттім. Сонымен қатар 31 депутаттық сауал жолдадым. Бұл әр сәрсенбі күні жалпы отырыста жария түрдегі депутаттық сауал ретінде де жолданды. Одан бөлек былай жолдаған хаттарымыз да депутаттық сауал деп есептеледі. Оның ішінде Бас прокурорға – 13, Премьер-министрге – 15, Премьер-министрдің орынбасарына – 2, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасына – 1 депутаттық сауал жолданды.
Осы кезеңде 300-ден астам азаматты жеке қабылдап, 4 500-ден астам азаматтың арыз-өтінішін қарадым. Осы жұмыстар нәтижесінде қылмыстық істер бойынша, сот саласы, прокурор мен адвокаттың рөліне қатысты, еліміздің батыс өңірі үшін өзекті мәселенің бірі киікке қатысты заңнамалық өзгерістер енгіздім.
Сондай-ақ, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру, сталкинг үшін жауапкершілікті енгізу, дропперлердің әрекеттерін қылмыстық жауапкершілікке тарту, қалыңмал мен мәжбүрлі некеге қатысты жауапкершілікті күшейту, заңсыз активтерді мемлекетке қайтару және екі мәрте рақымшылық туралы заңдарды әзірлеуге және қабылдауға қатыстым.
– Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін елде бірқатар саяси және құқықтық реформалар қолға алынды. Сіздіңше, бұл өзгерістер күткен нәтижесін беріп жатыр ма? Заң үстемдігі мен әділетті қоғамды қалыптастыру үшін тағы қандай заңнамалық бастамалар қажет деп санайсыз?
– Жаңа Конституциямызда құптауға лайық маңызды өзгерістер өте көп. Бұл тек жекелеген баптардың жаңаруы ғана емес, құжаттың кіріспесінен бастап соңына дейін мемлекеттің даму бағытын айқындайтын жаңа құқықтық философия қалыптастырылды. Сонымен бірге Конституцияны қабылдау – жұмыстың соңы емес, керісінше, жаңа кезеңнің бастауы. Ендігі міндет – қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияның талаптарына толық сәйкестендіру. Менің ойымша, тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері қабылданған үш мыңнан астам заңға кешенді құқықтық ревизия жүргізу қажет.
Бұл жұмыстың екі негізгі бағыты болуы тиіс. Біріншісі – барлық заңдардың жаңа Конституция нормалары мен қағидаттарына сәйкестігін тексеру. Екіншісі – мемлекеттік тілдегі заң мәтіндерін толыққанды тілдік сараптамадан өткізу. Өйткені алғашқы жылдары көптеген заңдар қазақ тіліне дәл аударылмай, терминологиялық және стилистикалық қателіктермен қабылданды. Өкінішке қарай, олардың біразы бүгінге дейін қолданыста жүр.
Қазіргі таңда құқықтық терминология біршама жүйеленді, Терминологиялық комиссия бекіткен бірыңғай атаулар қалыптасты. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, заңнаманы бір мезгілде әрі Конституцияға сәйкестендіріп, әрі мемлекеттік тілдің сапасын жақсарту қажет. Бұл заңдардың мазмұнын да, құқық қолдану тәжірибесін де біріздендіруге мүмкіндік береді. Сондықтан тәуелсіздік жылдарында қабылданған барлық заңдарға кезең-кезеңімен толық ревизия жүргізу – алдағы уақыттағы ең маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі деп есептеймін.
– Жаңадан жасақталатын Құрылтай қоғамның сеніміне ие болуы үшін қандай қағидаттарға сүйенуі керек? Оның құрамына кіретін депутаттарға қойылатын ең басты талап қандай болуы тиіс?
– Мемлекет басшысы Құрылтайдың құрамына ең алдымен өз саласының білікті мамандары мен сарапшылар келуі керектігін бірнеше рет атап өтті. Мен бұл ұстанымды толық қолдаймын. Өйткені заң шығару немесе мемлекеттік деңгейде шешім қабылдау – жай ғана сын айту емес. Өз тәжірибемнен айтар болсам, Парламентте жұмыс істей бастағаннан кейін кей мәселелерге көзқарасым өзгерді. Сырттай бақылаушы немесе сыншы болу бір басқа, ал нақты шешім қабылдайтын адамның жауапкершілігі мүлде бөлек. Сондықтан кез келген мәселені тек «дұрыс емес» деп сынаумен шектелуге болмайды.
Сынадың ба – шешудің жолын айт. Яғни сын айтқан адам соған балама болатын нақты ұсынысын да ұсына білуі қажет. Бұл – нағыз мемлекетшіл ұстаным. Сондықтан жаңа Құрылтайдың мүшелері кез келген мәселені жан-жақты талдап, оның себеп-салдарын түсініп, сын айтумен қатар тиімді шешім ұсына алатын деңгейдегі тұлғалар болуы керек. Ең басты талап – кәсібилік, мемлекетшілдік және шешім қабылдай алу қабілеті. Олардың қай мамандықтың өкілі екені екінші кезектегі мәселе. Ең маңыздысы – әр салада жоғары біліктілігі дәлелденген, тәжірибесі бар және ел мүддесін жеке мүддеден жоғары қоятын азаматтардың Құрылтай құрамына енуі. Сонда ғана Құрылтай қоғамның сеніміне ие болып, мемлекет дамуына нақты үлес қоса алады.
– Парламенттегі үш жылда маңызды бастамаларымен есте қалмаған, қоғамның сенімін ақтай алмаған, елдің мәселесін көтерудің орнына сын мен әжуаның нысанына айналған депутаттарды да көрдіңіз. Жалпы, заң шығару ісіне дайын емес немесе халықтың мәселесін жете түсінбейтін адамдардың депутат болуы қаншалықты қауіпті?
– Менің ойымша, бұл сұрақтың жауабы алдыңғы пікірімде де қамтылды. Заң шығару органы – кездейсоқ адамдар жиналатын орын емес. Ол жерде мемлекет тағдырына, қоғамның болашағына әсер ететін шешімдер қабылданады. Сондықтан заңды терең білмейтін, халықтың шынайы мәселелерінен бейхабар немесе тек сын айтып, нақты нәтиже көрсете алмайтын адамдардың заң шығару органында болуы дұрыс емес. Әрбір депутат қабылданған заң мен оның қоғамға тигізетін салдары үшін жауапкершілікті толық сезінуі тиіс.
Парламент те, Құрылтай да – ең алдымен жауапкершілік институты. Онда өз саласын жетік меңгерген, өмірлік және кәсіби тәжірибесі жеткілікті, мемлекеттік деңгейде ойлай алатын, қабылдаған шешімі үшін жауап бере алатын азаматтар қызмет етуі керек. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Өйткені заң шығару саласы – азаматтардың күнделікті өмірінің сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан заң шығарушы органның әрбір мүшесіне қойылатын басты талап – кәсібилік, жауапкершілік және халық алдындағы адалдық болуы тиіс.
Сұхбаттасқан
Динара Мыңжасарқызы