Руханият

Әдеби байқаулар: талантты тану ма, тапсырма орындау ма?

Көркем шығармалардың белгілі бір қоғамдық сұранысқа сай жазылуы бұрыннан бар тәжірибе.

Фото: ЖИ

 Әр дәуірде билік пен түрлі қоғамдық институттар әдебиет арқылы өздері маңызды санаған идеяларды насихаттауға ұмтылған. Әсіресе Кеңес өкіметі кезіндемұндай үрдіс кең өріс алды. Социалистік реализм шығармашылықтың негізгі әдісі ретінде танылды да, қаламгерлерден социалистік қоғамның жетістіктерін көрсету, еңбек адамын дәріптеу, жағымды кейіпкерлер жасау талап етілді. Әдеби шығарманың құндылығы оның көркемдік ерекшелігінен бөлек идеологиялық талаптарға сай келуі негізгі өлшемге айналды.

Қазір әдебиет қолдаудан кенде емес.Түрлі мекемелер мен ұйымдар жыл сайын әр алуан әдеби конкурстар өткізіп, ақын-жазушыларға қаржылай сыйлықтар мен шығармашылық гранттар табысталып жатады. Алайда мұндай байқаулардың біразында шығарманың көркемдік сапасымен қатар, оның "белгіленген тақырыпқа" сәйкес келуіне баса мән беріледі. Сонда "қандай талап?" дейсіз бе, міне, отансүйгіштік, ұлттық құндылықтар, тарихи тұлғалар, еңбек адамы, патриотизм,тағысын тағылар. Бір қарағанда, мұның еш сөкеттігі жоқ сияқты көрінеді. Аталған мәселелердің барлығы әдебиетте сөз болуға әбден лайық. Дегенмен ұсынылған шығармалар талапқа сай келмесе, бәйгеден де қара үзіп келмейді. Бұл жөнінде қаламгерлер әлеуметтік желіде жазып та жүр. Сонымен бұл мәселені қаламгерлердің өздерінен сұрадық. "Жас Алаштың" дөңгелек үстеліне жазушылар Кәдірбек Сегізбайұлы, Ерболат Әбікен және Тілек Ырысбек қатысты.

– Қазір әдеби байқаулар мен шығармашылық гранттардың саны аз емес. Дегенмен олардың бірқатары қаламгерлерге белгілі деңгейде тақырыптық талап қояды. Жалпы әдеби байқаулардағы тақырыптық шектеулер қаншалықты дұрыс?

Фото ашық дереккөз/Кәдірбек Сегізбайұлы

К.Сегізбайұлы: Әдеби байқаулар мен шығармашылық гранттардың көбейіп, қаламгерлерге қолдау көрсетіліп жатқаны, әрине, қуантады. Кеңестік кезеңде жылына бір байқау ғана өткізіліп тұратын. Қазір жыл сайын мемлекеттік, жекелеген байқаулар да, гранттар да көбейді. Бұл – әдеби үдерістің жандануына, жаңа есімдердің танылуына мүмкіндік беретін жақсы үрдіс. Алайда осы байқаулардың бірқатарында шығармашылық еркіндіктен гөрі, тақырыптық талаптарға басымдық берілетінін байқап жүрмін. Әдебиеттің құндылығы белгілі бір тақырыпты дәріптеуінен гөрі көркемдік қуатымен, адам мен қоғамның күрделі болмысын қаншалықты терең бейнелей алуымен өлшенуге тиіс қой. Отансүйгіштік, ұлттық құндылықтар немесе еңбек адамы туралы жазудың еш айыбы жоқ, мәселе – осы тақырыптарды қаламгерге міндеттеп, шығармашылық ізденісінің аясын тарылтуда жатыр. Сондықтан әдеби байқаулар қаламгердің не туралы жазғанын және ең алдымен қалай жазғанын бағалауы керек.

Е.Әбікен: Өз басым әдеби гранттар немесе байқауларға тақырыптық шектеу қоюды әдебиетке жасалған қиянат деп есептеймін. Себебі жазушы, ең әуелі, еркін болуы шарт. Оны белгілі бір тақырыпқа байлап, шегелеп, алдын ала белгіленген талаптарға сай шығарма жазуға міндеттеу – әсілінде көркем әдебиеттің табиғатына тіпті қайшы. Әдебиет – адамзаттың рухани әлемімен, адам болмысының терең қатпарларымен, гуманизммен астасып жатқан ұлы өнер, мұнда қолдан қашалған ережелер рөл ойнамайды. Сондықтан өнерді белгілі бір тақырыптың немесе идеологиялық талаптың шеңберіне сыйғызуға болмайды. Шынында қазір әдеби байқаулар да, гранттар да аз емес. Әсіресе кейінгі он-он бес жылдың ішінде олардың саны едәуір көбейді. Бұрын көбіне-көп поэзияға арналған байқаулар мен мүшәйралар өтсе, кейінгі кезде прозаға да көңіл бөліне бастады. Бірақ осы уақытқа дейін түрлі байқаулардан жүлде алғандардың бәрі бірдей мықты жазушы болып қалыптасқанын көрген жоқпын. Студент кезімізде де талай әдеби байқау ұйымдастырылатын. Солардан жүлде алған, жеңімпаз атанған адамдардың біразы бүгінде әдеби ортада қарасы мүлде көрінбейді. Керісінше, ешқандай байқаудан жүлде алмай, кезінде еленбей қалған қаншама талантты жазушы қазір топты жарып, жақсы, сапалы дүниелер жазып жүр. Демек, байқауда жеңіске жету шығарманың көркемдік құнын да, жазушының талантын да анықтайтын өлшем емес. Оның үстіне байқаулардың бірінде тарихи тұлға туралы жазу талап етілсе, енді бірінде еңбек адамының бейнесін жасау, патриотизмді дәріптеу, белгілі бір қоғамдық құндылықты насихаттау міндеттеледі. Мұндай талап өткір алмас қылышты тасқа шапқанмен бірдей. Әдебиеттің табиғаты шектеулерді көтермейді.

Т.Ырысбек: Әуелі кез келген ұйымның әдеби байқауды өзі қалаған тақырыпта өткізуге құқығы бар. Оған ешкім шектеу қоя алмайды. Дегенмен тақырыптық талаптарды әдебиеттің көркемдік сапасынан жоғары қою, менің ойымша, дұрыс шешім емес. Мұны әдебиеттің табиғатын жете түсінбейтін адамдардың шешімі деуге болады. Өйткені әдебиетті белгілі бір тақырыптың аясымен ғана шектеу оның шығармашылық әлеуетін, полифониялық мүмкіндіктерін тарылтады. Сонымен қатар автордың өзіндік стиліне, көркемдік ізденістері мен шығармашылық шешімдеріне кедергі келтіреді. Әсіресе әдеби ортада белгілі бір маңызы бар байқаулар осындай шектеулерге жол берсе, бұл жазушының өзіне де, оның шығармасына да айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін. Өкінішке қарай, мұндай үрдіс қазір кең етек алған. Оны әдебиеттен ғана емес, кино өнерінен де анық байқауға болады. Сондықтан өнердің табиғатын онтологиялық тұрғыдан қайта қарастырып, әдеби байқауларды ұйымдастыру барысында тақырыптық шектеулердің көркем шығармашылыққа тигізетін ықпалына көбірек мән берген дұрыс деп ойлаймын.

– Әдебиеттің әуелгі табиғаты адамның ішкі әлемін, қоғамдық қайшылықтарды, өмірдің күрделі құбылыстарын көркемдік тұрғыдан тануымен астасып жатыр. Ал алдын ала белгіленген тақырыптар мен идеялық талаптар қаламгердің шығармашылық мүмкіндіктерін шектемей ме?

К.Сегізбайұлы: Әдебиет – еркін ойдың, дербес дүниетаным мен шығармашылық ізденістің жемісі. Қаламгердің міндеті – алдын ала белгіленген идеяны көркем шығарма арқылы қағазға түсіру емес-ті, өзі таныған өмір шындығын, адам болмысының қайшылықтарын көркемдік танымы арқылы бейнелеу. Ал жазушыға қандай тақырыпты қозғау, қандай идеяны дәріптеу керектігі күні бұрын белгіленсе, шығармашылық үдеріс табиғи арнасынан ауытқиды. Соның салдарынан әдебиеттің тақырыптық аясы тарылып, көркемдік ізденістен гөрі белгілі бір идеяны қайталау басымдық алады. Әдебиет тарихына қарасақ, ең құнды шығармалардың көбі қалыптасқан түсініктерге күмән келтіріп, қоғам назарынан тыс қалған мәселелерді көтеру арқылы дүниеге келген.

Ерболат Әбікен/Ерболат Әбікен

Е.Әбікен: Жалпы, мұндай байқаулар мен гранттарды мемлекеттен бөлінген қаржыны дұрыс жұмсамаудың бір көрінісі десек те болады. Ең өкініштісі, бұл – талантқа жасалған қиянат. Әрине, әдебиетті демеп, ұлт руханиятына қызмет еткісі келетін кәсіпкерлер де бар. Олардың ниеті дұрыс. Бірақ әдебиеттің табиғатын түсінбей, байқауға орынсыз талаптар қою – әуелі сауатсыздықтың белгісі. Мұнда демеушіден бұрын алдымен байқауды ұйымдастырып, оның шарттарын әзірлейтін, қазылар алқасына қатысатын адамдардың жауапкершілігі туралы айту керек. Олар әдебиетті дамытудың орнына талантты тұншықтырып, ортақол шығармалардың алға шығуына жағдай жасап отыр. Өз басым, байқаудың шарттарына қарай шығарма жазатын адамдардың көбейіп бара жатқанын байқаймын. Олар алдымен байқау ережесін оқып алады да, соған сәйкес келетін дүние жазуға кіріседі. Мұндай шығармалардың арасында көркемдік тұрғыдан құнды, сәтті дүниелер өте сирек. Көбіне ортақол, тіпті ортақолдан төмен шығармалар болады. Бірақ байқаудың тақырыбына сай келгендіктен, жүлде алып жатады. Бұл заңның осал тұсын тауып, соны өз пайдасына жарататын адамдардың әрекетіне ұқсайды. Әдебиетте де белгілі бір шарттарды орындаудың амалын меңгеріп алғандар көбейіп барады. Мұның соңы әдебиетті халтураға айналдырады.

Т.Ырысбек: Алдын ала белгіленген тақырыптар автордың шығармашылық мүмкіндіктерін шектейтіні анық. Мәселен, Михаил Бахтин әдеби шығарманың полифониялық сипатына ерекше мән берген. Ол Достоевский шығармашылығын талдау барысында көркем туындыдағы көпдауыстылықтың маңызын көрсеткен болатын. Ал әдебиетті белгілі бір тақырыпқа немесе нақты бір бағытқа ғана бағындыру оның осындай мүмкіндіктерін шектейді. Бұл, түптеп келгенде, әдеби шығарманың ғана емес, байқаудың да құнын түсіреді. Өйткені әдебиет адам болмысының сан алуан қырын көрсетуге тиіс. Мысалы, көркем шығарма жағымсыз кейіпкердің ішкі әлеміне үңілу арқылы да адам табиғатына қатысты маңызды сұрақтар қоя алады. Ал егер шығармаға қойылатын талаптар осындай күрделі мәселелерді көтеруге мүмкіндік бермесе, онда кейіпкердің адамдық болмысын толыққанды ашу да қиындайды. Сондықтан әдеби байқауларға қатаң тақырыптық шектеулер қою, түптеп келгенде, сол байқаулардың өзін-өзі шектеуімен бірдей. Мұндай жағдайда олардың әдеби ортадағы құны мен беделі төмендейді. Әлемдік әдеби байқаулармен салыстырғанда да көркемдік деңгейі төмен болып көрінуі мүмкін. Оның үстіне мұндай талаптар бір-біріне ұқсас, белгілі бір қалыптан шықпайтын шығармалардың көбеюіне түрткі болады. Ал бұл әдебиетке ешқандай жаңалық әкелмесі айдан анық. Нәтижесінде, байқаулар әдеби үдерісті дамытуға қызмет етудің орнына, кезекті іс-шараның өткізілгенін көрсететін есеп-қисаптың бір бөлігіне айналып шыға келеді. Одан басқа айтарлықтай нәтиже болмайды. Мұндай байқаулардың көркемдік құны төмендеп, нәтижелері әдеби ортада кеңінен талқыланбаған жағдайда тағы бір мәселе туындайды. Әділ қазылардың шығармаларды жеке таныстыққа, туыстыққа немесе өзара қарым-қатынасқа сүйеніп бағалауына жол ашылуы мүмкін. Яғни тамыр-таныстыққа негізделген шешімдер қалыпты жағдайға айналып, мұның соңы сыбайлас жемқорлыққа да алып келуі әбден ықтимал.

– Кеңес өкіметі тұсында әдебиетке белгілі бір идеологиялық міндеттер жүктелді. Бүгінгі әдеби байқаулардағы тақырыптық шектеулер сол ескі идеологияның сарқыншағы емес пе? Мұның салдары қандай болуы мүмкін?

Е.Әбікен: Иә, талапқа сай шығармалар Кеңес одағы тұсында да көп жазылды. Еңбек адамын дәріптейтін, үлгілі кейіпкер жасайтын, социалистік қоғамның жетістіктерін насихаттайтын қаншама кітап жарық көрді. Солардың қаншасы бүгін оқылып жатыр? Кезінде ұлы деп дәріптелген жазушылардың сондай шығармалары қазір оқырман назарынан мүлде тыс қалды. Ал шынайы туған, небәрі үш-төрт беттен тұратын әңгімелердің кейбірі классикаға айналып, әдебиет тарихында сақталып қалды. Кеңестік әдебиет жағымды және жағымсыз кейіпкерлер жүйесін жасауға айрықша мән берді. Бірі қоғамға үлгі болуы керек, екіншісі оқырманға ненің жаман екенін көрсетуі тиіс деген түсінік қалыптасты. Қойшы болсын, кенші болсын, басқа кәсіптің өкілі болсын, міндетті түрде өнегелі еңбек адамының бейнесін жасау талап етіп, осылайша, әдебиетті тәрбие құралына айналдырып, оның көркемдік табиғатын белгілі бір идеологияға бағындырды. Бүгінгі әдеби байқаулардағы тақырыптық шектеулерді сол кеңестік идеологияның сарқыншағы деп есептеймін. Бұл, бір жағынан, әдеби сауатсыздықтың, екінші жағынан, көркем шығарманың табиғатын түсінбеудің салдары. Оның үстіне бізде дақпыртқа еріп кету де жиі кездеседі. Қоғам белгілі бір жазушыны немесе ақынды ерекше дәріптей бастаса, оның шығармаларын оқымаған адамдардың өзі мақтауға кіріседі. Тіпті кітапты ашып көрмей-ақ, сол туралы сұхбат беріп, пікір айтып жүргендерді де көрдім. Мұның бәрі әдеби талғамның әлсіздігінен. Ал әдеби талғам қалыптаспаған жерде шынайы талантты тану да қиын. Әрине, әдеби байқаулардың көбейгені, олардың жүлде қорының ұлғайғаны бір жағынан қуантады. Әдебиетке қаржы бөлініп, жазушыларға қолдау көрсетіліп жатқаны жақсы. Дегенмен сол байқаулар өзінің негізгі миссиясын адал атқарып жүр ме деген сұраққа жауап берейік десек, тосылып қаламыз.

Кейбір байқаулардың талаптарына қарасаңыз, шығармадағы кейіпкер міндетті түрде жеңіске жетуі керек, оқырман мұңаймауы, түңілмеуі, қорықпауы тиіс, кітапты оқып болғаннан кейін жақсы көңіл күйде қалуы қажет деген түсінікті алға тартады. Дегенмен әлем әдебиетінің классикалық шығармаларына назар аударайықшы. Өзім ерекше жақсы көретін шығармалардың бірі – Виктор Гюгоның "Аласталғандар" романы. Көлемі мың сегіз жүз бетке жуық бұл шығармада адам тағдырының небір ауыр көріністері суреттеледі. Бір үзім нан ұрлаған Жан Вальжан ұзақ жылдарға сотталады. Фантина күн көру үшін алдымен шашын, кейін тісін сатуға мәжбүр болады, ақырында жезөкшелікке барады. Оның қызы Козетта бөтен адамдардың қолында қорлық көреді. Романда қоғамның әділетсіздігі, адамдардың опасыздығы, қатыгездігі, кедейшілік пен қорлықтың адам өміріне тигізетін зардабы жан-жақты көрсетіледі. Бірақ осының бәріне қарамастан, шығарма адамгершілік пен мейірімнің құнын терең танытады. Сондықтан да "Аласталғандар" қанша уақыт өтсе де оқылып келеді. Әлем әдебиетінде мұндай мысалдар толып тұр. Шығармадағы оқиғалардың ешқайсысы оқырманды ерекше қуанта қоймайды. Бірақ классиктер осы арқылы адам тағдырының, адамзат болмысының бітіспес трагедиясын көрсетті. Егер осы авторлардың біреуі бүгін тіріліп келіп, осы шығармасын біздің байқаулардың, әдеби гранттардың біріне ұсынса, кейіпкердің тағдыры аянышты, шығармада позитив жоқ, оқырманға жақсы көңіл күй сыйламайды деп қабылдамай тастауымыз мүмкін. Сонда біз әдебиеттің құнын немен өлшеп жүрміз деп ойланып қаласың.

Тілек Ырысбек/Тілек Ырысбек

Т.Ырысбек: Кеңестік кезеңде әдебиетке белгілі бір идеологиялық міндеттер жүктелгені рас. Социалистік реализм әдебиет арқылы қоғамды тәрбиелеуді, белгілі бір дүниетанымды қалыптастыруды мақсат етті. Соның нәтижесінде көркем шығармалардан жағымды кейіпкердің бейнесін жасау, еңбек адамының мінсіз тұлғасын көрсету, социалистік қоғамның жетістіктерін дәріптеу талап етілді. Әдебиетте мұндай талаптардың ықпалымен дүниеге келген шығармалар өте көп. Сондықтан бүгінгі әдеби байқауларда да осындай тақырыптық талаптардың сақталуын кеңестік идеологияның әдебиетке деген көзқарасын қайталау, сол кезеңнен қалған дайын үлгілерді көшіріп алу және жаңаша ізденбеу деп бағалауға болады. Бір қызығы, біз ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және басқа да заманауи салаларда шетелдік мамандардың тәжірибесіне көп жүгінеміз. Дамыған елдердің озық үлгілерін үйренуге, олардың тәжірибесін енгізуге тырысамыз. Алайда гуманитарлық бағыттарға келгенде, сол баяғы ескі сүрлеуді сақтап қалуды әдетке айналдырғанбыз. Меніңше, гуманитарлық салаларда да мұндай қалыптасқан түсініктерден арылуымыз қажет. Мәселен, әдебиет теориясын тек Белинскийдің көзқарастарымен ғана өлшемей, әлемдік әдебиеттанудағы жаңа теориялық еңбектерге де назар аударған дұрыс. Жалпы, әдебиетті кеңестік дайын үлгілерден арылту бүгінгі әдеби ортаның негізгі міндеттерінің бірі болуы керек. Осы тұста ұлттық құндылықтар мәселесіне де тоқталған жөн. Бізде "ұлттық құндылықтарды сақтауымыз керек", "ұлттық құндылықтарды қорғауымыз қажет" деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ ұлттық әдебиетті қорғау дегеніміз, оны белгілі бір идеологиялық қалыпқа бағындыру емес қой. Керісінше, әдебиетті идеологияның шеңберіне күштеп сыйғызу оның ұлттық құндылықтарды сақтаудағы маңызын жояды. Сондықтан ұлттық құндылықтарды қорғау мен ұлттық әдебиетті идеологиялық қалыпқа салудың екі бөлек нәрсе екенін түсінуіміз керек.

– Жалпы әдеби байқау, гранттардың басты мақсаты қандай болуы керек? Белгіленген тақырыпқа сәйкес келуі тиіс пе әлде көркемдік деңгейі маңызды ма?

К.Сегізбайұлы: Белгіленген талаптардың салдарынан шын мәнінде құнды шығармалардың назардан тыс қалуы әдебиетті қолдаудың бастапқы мақсатына қайшы келеді. Егер тақырыпқа сәйкестік көркемдік сападан жоғары қойылса, біз берілген тапсырманы жақсы орындаған адамды марапаттағанымыз емес пе?! Ал әдебиеттің дамуына тапсырманы орындаушылардан гөрі өзіндік қолтаңбасы, дербес ойы, көркемдік ізденісі бар қаламгерлер көбірек үлес қосады. Сондықтан әсіресе мемлекеттік деңгейдегі әдеби байқаулар мен гранттарда тақырыптық еркіндікке кеңірек мүмкіндік берілгені дұрыс.

Е.Әбікен: Демеушілердің бәрін кінәлаудан аулақпын. Әдебиетке қаржы бөліп, руханиятқа үлес қосқысы келетін кәсіпкердің ниеті дұрыс. Мәселе – көбіне сол адамдарға кеңес беріп, байқаудың ережесін жасайтын әдеби орта өкілдерінде. Демеуші әдебиеттің барлық заңдылығын білуге міндетті емес. Ал әдебиет атынан сөйлеп, байқау ұйымдастырып жүрген адамдар оның табиғатын түсінуге міндетті. Сондықтан жауапкершілікті ең алдымен солардан сұрау керек. Бізде талантты жазушылардың еленбей қалуы, әдеби ортадан шеттетілуі бұрыннан бар мәселе. Мысалы, Ғалымбек Елубай деген жазушы болды. Өмірден ерте кетті. Айтуларынша, ол ешқандай әдеби байқаудан жүлде алмаған, тіпті Жазушылар одағына да мүше болмаған. Күнкөріс үшін базарда, қара жұмыс істеген. Ескі газеттерді жинап, оларды реттеп, қаттап жүріп денсаулығына да зиян келтірген көрінеді. Бірақ артында қандай ғажап шығармалар қалды. Оның қысқа әңгімелерін оқығанда таңғаласың. Небәрі үш-төрт бетке тұтас бір өмірді сыйғыза алатын жазушылар бізде өте аз. Жалпы, қысқа жанрда шебер жазу оңай емес. Әлем әдебиетінде де мұндай шеберлік екінің біріне бұйырмаған. Ал Ғалымбек Елубай сондай қабілеті бола тұра, лайықты бағасын алмай өмірден өтті. Меніңше, әдебиетті дамытамыз деп жүріп, оның ең басты тірегі – талантқа тұсау салмауымыз керек. Әдебиетке жасалатын ең үлкен жақсылық – жазушының еркіндігін қорып, сақтай алу, оның шынайы шығармасын мейлінше әділ бағалау.

Т.Ырысбек: Жалпы, әдеби байқаулардың негізгі мақсаты, менің ойымша, авторлардың өзіндік көркемдік бағыттарын дамытуға және олардың шығармашылық еркіндігін қорғауға негізделуі тиіс. Әдебиетте әртүрлі бағытта жазатын авторлар бар, олардың шығармашылық ұстанымдары да бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан әдебиеттің жанрлық және көркемдік тұрғыдан дамуына жағдай жасау маңызды. Сонымен қатар мұндай байқауларға кәсіби әділ қазылар құрамы жасақталып, оларды бағалау үдерісіне әдеби қауымдастық пен қоғамның да қатысқаны пайдалы болар еді. Өйткені шынайы жазушының өзінің оқырманы, қалыптасқан аудиториясы болады. Егер байқауда шығарманың көркемдік сапасы емес, тек белгіленген тақырыпты қаншалықты аша алғаны бағаланатын болса, онда біз сол байқаудың тақырыбын марапаттаған болып шығамыз. Осы ретте Еуропадағы әдеби резиденциялар мен шығармашылық байқаулардың тәжірибесіне назар аударған дұрыс. Біз олардың қалай ұйымдастырылатынын, авторларға қандай мүмкіндіктер берілетінін зерттеуіміз керек. Мәселен, гранттарды жекелеген баспалардың делдалдығы арқылы ғана бөлмей, тікелей авторлардың шығармашылығын қолдауға бағыттауға болады. Жазушыларға арнайы гранттар тағайындау, олардың халықаралық әдеби резиденцияларға қатысуына көмектесу, елімізде де осындай резиденциялар ашу маңызды. Бұл авторлардың еркін шығармашылықпен айналысуына жағдай жасап, әртүрлі бағытта жазатын қаламгерлерді бір ортаға жинауға, ортақ шығармашылық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Меніңше, әдебиетті қолдау дегеніміз – осы. Ал жазушыға алдын ала белгілі бір тақырып беріп, сол бойынша шығарма жазуды талап ету – демократиялық қоғамға тән емес.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі