Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейін өз ағзасын донорлыққа беруге келісімін ресми рәсімдейтінін мәлімдеді
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруге келісімін ресми түрде тіркейтінін мәлімдеді. Бұл туралы министр Instagram-парақшасында жазды.
Оның айтуынша, мұндай шешімді ол бұрыннан қабылдаған. Енді өз еркін ресми түрде рәсімдеуді жөн көрген.
«Бүгін көптен бері қабылданған шешім туралы көпшілік алдында айтқым келеді — қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз ерік білдіруімді тіркеу туралы шешім қабылдадым», – деп жазды Ақмарал Әлназарова.
Қазір Қазақстанда 4867 адам ағза трансплантациясын күтуде. Оның ішінде 4311 науқасқа бүйрек, 314 адамға бауыр, 212 адамға жүрек, 30 адамға өкпе трансплантациясы қажет.
Министр қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту тек денсаулық сақтау жүйесіне байланысты емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл бағытта қоғамның сенімі, мәселені ашық талқылау және азаматтардың саналы шешім қабылдауы маңызды.
Министрдің мәліметінше, Қазақстанда шамамен 184 мың азамат eGov арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз ұстанымын білдіріп, келісімін тіркеген. Бұл көрсеткіш өсіп келеді.