Live

Ақмола облысында көкпар кезінде қаза тапқан 13 жастағы баланың ісі жабылды

Ақмола облысында көкпар ойыны кезінде 13 жастағы баланың қаза болуына қатысты іс жазатайым оқиға деп танылып, қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Фото: Halyqstan арнасы

Марқұмның туыстары мұндай шешіммен келіспейді.

Қайғылы жағдай 26 мамырда Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылында болған.

Сол күні Дінмұхаммет көкпар жаттығуына барған. Туыстарының айтуынша, ойын кезінде ол ережеге сай әрекет етіп, қарсыласына серкені бермеуге тырысқан. Осы сәтте қарсылас команданың ойыншысы қатты жылдамдықпен келіп, оның атына бүйірінен соғылған.

Соққыдан Дінмұхаммет жерге құлаған. Ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақаттары салдарынан көз жұмды.

Марқұмның туысының айтуынша, аудандық полиция бөлімі мен облыстық прокуратура адам өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда шамамен екі айдан кейін тергеу тоқтатылған.

Туыстары сот-медициналық сараптаманың қорытындысына назар аударып отыр. Құжатта денсаулыққа ауыр зиян «қатты доғал заттардың әсерінен» келгені көрсетілген. Алайда жарақаттардың аттан құлау салдарынан болғаны туралы ештеңе айтылмаған.

Осыған байланысты отбасы Дінмұхамметтің өміріне қауіпті жарақаттарды ат үстінде отырған кезінде, яғни қарсылас ойыншы соғысқан сәтте алған болуы мүмкін деп есептейді.

«Баланың басы жарақаттанған, жұлыны үзілген, мойны сынған. Аттан құлаған адам осындай жарақат ала ма? Құлап бара жатқан кез келген адам инстинктивті түрде өзін қорғап, денесін жинауға тырысады. Біз аттан құлау нұсқасына сенбейміз! Сұрағымыз өте көп, бірақ ешкім жауап бермейді», – деп жазды Дінмұхамметтің туысы Threads парақшасында.

Марқұм баланың жақындары тергеу барысында көкпар кезіндегі мән-жайы толық зерттелмеді деп санайды. Сондай-ақ олар қылмыстық істің неліктен екі айдан кейін тоқтатылғанын және оқиғаның қандай дәлелдер негізінде жазатайым жағдай ретінде бағаланғанын түсіндіруді талап етіп отыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: көкпар