АҚШ билігі Тимур Турловқа қатысты тергеу бастауы мүмкін
Қазақстандық миллиардер, Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы Тимур Турлов АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясынан (SEC) арнайы ескерту хат алған.
Бұл туралы Bloomberg агенттігі Freedom Holding-тің қаржылық құжаттарына сілтеме жасап хабарлады.
Мәліметке сәйкес, Турловқа «Wells Notice» деп аталатын ресми хабарлама биыл наурыз айында жолданған. Мұндай құжат АҚШ реттеушісі белгілі бір тұлғаға немесе компанияға қатысты құқықтық шара қолдану мүмкіндігін қарастырып жатқанын білдіреді.
Freedom Holding пен Тимур Турлов SEC-тің алдын ала қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеп, өз ұстанымдарын қорғауға ниетті екенін жеткізген.
Bloomberg дерегінше, АҚШ реттеушісі Freedom Holding қызметіне 2021 жылдан бері қызығушылық танытып келеді. Комиссияның сұрақтары компанияның нарықтағы кейбір серіктестерімен қарым-қатынасына және ішкі мәмілелерді бухгалтерлік есепте көрсету тәжірибесіне қатысты болған.
Алайда «Wells Notice» компания немесе оның басшысы заң бұзды дегенді білдірмейді. Бұл тек SEC тарапынан ықтимал тергеу немесе санкциялық шаралар қарастырылып жатқанын алдын ала хабарлайтын стандартты рәсім саналады.
Әдетте мұндай хатты алған тараптарға комиссияның сұрақтарына жауап беріп, қосымша құжаттар мен түсініктемелер ұсыну үшін белгілі бір уақыт беріледі.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай ескертудің өзі компанияға қарсы айып тағылғанын білдірмесе де, көптеген жағдайда кейіннен АҚШ-тың бағалы қағаздар туралы заңнамасын бұзу фактілері бойынша ресми іс қозғалады.
Тимур Турлов Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі саналады. Forbes журналының мәліметінше, оның байлығы 5,2 миллиард долларға бағаланады. Ол Freedom Holding акцияларының шамамен 70 пайызын бақылайды.
Қазіргі уақытта SEC тарапынан нақты қандай құқық бұзушылық бойынша сұрақтар қойылғаны жарияланған жоқ.