Live

АҚШ Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының қайта жанданғанын мәлімдеді

АҚШ Қарулы күштері Иран порттарына апаратын теңіз жолдарына қойылған блокаданы тоқтатып, Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасын қалпына келтірді.

Фото: Nurphoto / Getty Images

 Бұл туралы АҚШ Орталық қолбасшылығы – United States Central Command хабарлады.

«Америкалық әскерлер Парсы және Оман шығанақтарындағы Иран порттарына кіретін және шығатын кемелердің қозғалысына кедергі келтірмейді. Блокаданы қамтамасыз етуге бағытталған барлық іс-шаралар тоқтатылды», – делінген мәлімдемеде.

Сонымен бірге АҚШ әскери кемелері Вашингтон мен Тегеран арасындағы келісім шарттарының орындалуын бақылау үшін аймақта қала береді.

АҚШ вице-президенті Вэнс кейінгі тәулікте Ормуз бұғазы арқылы 12,5 миллион баррель мұнай өткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қақтығыс басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш.

Сондай-ақ Вэнс Иран күштері қатарынан екі түн бойы бұғаздағы кемелерге шабуыл жасамағанын атап өтті.

Вице-президенттің айтуынша, АҚШ пен Иран арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін түпкілікті келісімді әзірлеуге арналған 60 күндік келіссөз кезеңі ресми түрде басталған.

Тараптар меморандумға 18 маусымға қараған түні қол қойған болатын. Құжат қақтығысты тоқтатуды, Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасын қалпына келтіруді және тараптар арасындағы бейбіт реттеу процесін бастауды көздейді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Ормуз бұғазы