Live

АҚШ Ормуз бұғазында тұрып қалған кемелерді шығара бастайды: Иран ескерту жасады

АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазында тұрып қалған бейтарап елдердің кемелерін шығару бойынша ауқымды операция басталатынын мәлімдеді. «Project Freedom» («Еркіндік жобасы») деп аталған арнайы операция 4 мамыр күні таңертең басталмақ.

Фото: Getty images

Әлемдік БАҚ-тың хабарлауынша, бұл шешім кемелері Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағында қалып қойған елдердің бірнеше рет өтініш білдіруінен кейін қабылданған. Әңгіме соғысқа қатысы жоқ, бірақ азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығына ұшыраған экипаждары бар кемелер туралы болып отыр.

«Гуманитарлық қадам» және күш көрсету ескертуі

Трамп бұл операцияны Вашингтонның ғана емес, аймақтағы елдердің, соның ішінде Иранның да «жақсы ниетінің белгісі» деп атады.

«Бұл кемелердің көбінде азық-түлік пен күнделікті қажетті заттар таусылып жатыр. Бұл – соңғы айларда қақтығысқа қатысқан тараптардың барлығы үшін жақсы ниеттің көрінісі», – деді АҚШ президенті.

Сонымен қатар, ол шығарылған кемелер толық қауіпсіздік қамтамасыз етілмейінше бұғазға қайта оралмайтынын атап өтті. Трамп операцияға кедергі келтіру әрекеттері күшпен тоқтатылатынын да ескертті.

Тегеранның реакциясы

АҚШ-тың бұл жоспары Иранда дұрыс қабылданбады. Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Эбрахим Асиси ресми ескерту жасады.

«Ормуз бұғазындағы теңіз қатынасының жаңа тәртібіне АҚШ-тың кез келген араласуы атысты тоқтату режимін бұзу ретінде қарастырылады», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай жеткізілімінің елеулі бөлігі өтетін аса маңызды теңіз жолы. Сондықтан бұл аймақтағы кез келген шиеленіс жаһандық энергетикалық нарыққа тікелей әсер етеді.

Сайт Әкімшілігі