Live

АҚШ-тағы мешітте атыс болды: бес адам қаза тапты

АҚШ-тың Сан-Диего қаласындағы ислам орталығында болған атыс салдарынан бес адам қаза тапты. Құрбандардың арасында екі күдікті де бар.

Фото: REUTERS

Оқиға 18 мамыр күні Калифорния штатындағы San Diego Islamic Center аумағында – округтегі ең ірі мешіттердің бірінде болған. Бұл туралы AP, dpa және Reuters агенттіктері хабарлады.

Полицияға оқиға туралы хабар жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 11:40-та түскен. Құқық қорғау органдары оқиға орнына жедел жетіп, жағдай бақылауға алынғанын мәлімдеді.

Қала полициясының басшысы Скотт Уолтің айтуынша, шабуыл салдарынан үш ер адам қаза тапқан. Олардың арасында ислам орталығының күзетшісі де бар.

Ал екі ықтимал шабуылдаушы өлі күйінде табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, олар өздеріне қол жұмсаған болуы мүмкін.

Сонымен қатар әртүрлі деңгейде жарақат алған бірнеше адам ауруханаға жеткізілген.

Полицияның мәліметінше, күдіктілер – екі жас жігіт. Қазір олардың жеке басы мен шабуыл жасау себептері анықталып жатыр.

Құқық қорғау органдары бұл оқиғаны діни өшпенділік негізінде жасалған қылмыс ретінде де қарастыруда. Себебі шабуыл діни нысан аумағында болған.

Атыс Сан-Диего орталығынан шамамен 14 шақырым солтүстікте орналасқан кешен аумағында болған. Бұл жерде мешіттен бөлек мектеп те жұмыс істейді.

Оқиға кезінде ғимарат ішінде балалар болған, алайда олардың барлығы эвакуацияланып, зардап шекпеген. Мектепте араб тілі, исламтану және Құран сабақтары оқытылған.

Полицияның хабарлауынша, оқиға өте жылдам өрбіген және атыс тек мешіт маңында емес, оған жақын аудандарда да болған.

Құқық қорғау қызметкерлері жеткен кезде бірнеше құрбан табылған. Кейін оқиға орнынан бірнеше квартал жердегі көліктен 17 және 19 жастағы екі жігіттің мәйіті анықталған. Болжам бойынша, олар өздеріне оқ атқан.

Арнайы операцияға ондаған полиция қызметкері, арнайы жасақ пен жедел қызметтер жұмылдырылды. Аудан толық қоршауға алынып, кейбір жолдар жабылған.

Калифорния штаты мен Сан-Диего қаласының билігі тұрғындарға қосымша қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

Тергеуге Federal Bureau of Investigation те қосылған.

Осы оқиғадан кейін Нью-Йорк, Вашингтон және Лос-Анджелес полиция департаменттері қауіпсіздік мақсатында мешіттер мен өзге де діни нысандар маңындағы бақылауды күшейтетінін хабарлады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: АҚШ