Ақтау жағалауына өлі итбалықтарға қатысты балық шаруашылығы комитеті жауап берді
Ақтау маңындағы Каспий теңізі жағалауынан өлі итбалықтардың жиі табылуына қатысты Балық шаруашылығы комитеті түсініктеме берді. Ведомство төрағасы Серік Сермағамбетов ғалымдардың негізгі болжамдарын айтып, өлген жануарлардың қайдан ағып келетінін түсіндірді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Серік Сермағамбетов қырылған Каспий итбалықтары теңіздің бүкіл аумағынан табылатынын айтты. Оның сөзінше, зерттелген жануарлардың ешқайсысынан қауіпті жұқпалы аурулар анықталмаған.
Оның айтуынша, итбалықтар Әзербайжан немесе Иран жағалауларында да қырылуы мүмкін. Алайда Каспийдегі күшті батыс желдерінің әсерінен олардың өлекселері Маңғыстау облысының жағалауына қарай ағып келеді.
Итбалықтардың қырылуының үш негізгі себебі аталды
Соңғы ғылыми зерттеулерге сәйкес, Каспий итбалықтарының өліміне ең ықтимал әсер ететін факторлар мыналар:
асфиксия (механикалық тұншығу, соның ішінде браконьерлік ауға түсу салдарынан);
су астындағы жер сілкіністері;
Каспий теңізі түбінен табиғи газдың кенеттен бөлінуі.
Қырылған итбалықтар саны азайды
Комитет төрағасы соңғы жылдардағы ең ауыр жағдай 2024 жылы тіркелгенін еске салды. Сол кезде жағалаудан шамамен екі мыңға жуық өлі итбалық табылған.
Осыдан кейін Ақтауда Қызыл кітапқа енген Каспий итбалықтарын қорғау үшін мемлекеттік табиғи резерват құрылған.
«Өткен жылы қыс мезгілінде кеме қатынасына шектеу қойып, балық аулау учаскелерін Каспий итбалығының көшу жолдарынан алысырақ жылжыттық. Соның нәтижесінде биыл қырылған итбалықтардың саны 235 өлексеге дейін азайды. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір төмен көрсеткіш», – деді Серік Сермағамбетов.
Қазіргі уақытта өңірде экологтар, қоғам белсенділері мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен өлекселерді жедел жинау және Каспий итбалығының популяциясын бақылау бойынша арнайы іс-қимыл алгоритмі жұмыс істейді.