Ақтөбе әкімі аппаратының бұрынғы басшысы үш жылға сотталды
Ақтөбе қаласы әкімдігі аппаратының бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Исембайұлы үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот алқасының үкімімен Исембайұлы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы («Алаяқтық») бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.
Сот жәбірленуші С.-ның материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Нәтижесінде сотталған азаматтан жәбірленушінің пайдасына 3 миллион теңге материалдық шығын және 1 миллион теңге өкілдік шығын өндірілетін болды.
Айта кетейік, бұған дейін, 2025 жылғы 31 наурызда бірінші сатыдағы сот Нұрсұлтан Исембайұлын қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы дәлелденбеді деген негізбен ақтап шыққан еді. Алайда кейін апелляциялық сот бұл шешімді өзгертіп, оны кінәлі деп таныды.