Ақтөбе – Астрахань тасжолындағы жол апатынан алты адам қаза тапты
Ақтөбе-Астрахань республикалық маңызы бар автожолының 94-шақырымында, Қандыағаш қаласына жақын жерде адам өліміне әкелген ауыр жол апаты болды.
Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, тасжолда Toyota Camry маркалы екі көлік бетпе-бет соқтығысқан. Соққының қатты болғаны сонша, екі көліктің ішінде болған адамдардың ешқайсысы аман қалмаған.
Жол апатынан алты адам қаза тапты. Олар – Ақтөбе және Атырау облыстарының тұрғындары.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Апаттың нақты себептері мен мән-жайын анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалған.
Полиция қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіз жылдамдықты асырмауға және қала сыртындағы тасжолдарда барынша мұқият болуға шақырды.