Қоғам

Әл-Фарабидегі жол апаты: Пак прокурордың сұрақтарына жауап беруден бас тартты

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында резонансқа айналған қайғылы жол апатына қатысты сот процесі өтіп жатыр.

Фото: Жас Алаш

Бүгінгі сот отырысында айыпталушы Александр Пактан жауап алынды. Пак процеске онлайн қосылды. Ол сотта оқиғаның қалай болғанын, жол апатына не себеп болғанын өз нұсқасында айтып берді.

Александр Пакқа прокурор бірнеше сұрақ қойғаннан кейін ол жауап беруден бас тартты. Сонымен қатар жәбірленушілердің адвокатының да сұрақтарына жауап бермейтінін айтып, тек судьяның сұрақтарына ғана жауап беретінін жеткізді.

Александр Пак сотта бұқаралық ақпарат құралдарында тараған пікірлерге тоқталып, жауапкершіліктен жалтаруға тырыспайтынын жеткізді.

«Мен ешқандай жолмен жазадан құтылуға ұмтылып отырған жоқпын. Өзім үшін шартты жаза да қолайсыз деп есептеймін. Заң аясында қандай жаза тағайындалса да, оны көтеруге дайынмын», – деді ол.

Сот процесі жалғасып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, жол апаты 21 наурызға қараған түні сағат 03:30-да болған. Zeekr 9X автокөлігін басқарған жүргізуші әл-Фараби даңғылы бойымен жоғары жылдамдықпен келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан Mercedes маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Апат кезінде Zeekr автокөлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жеткен. Қатты соққы салдарынан Mercedes автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен көлікте отырған 21 және 23 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында қаза тапты. Химиялық-токсикологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің қанынан 1,30 промилле мөлшерінде этил спирті анықталған. Сондай-ақ, оның көлігіне жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірін тағып алғаны белгілі болды.

Күдіктіге ҚР ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі – «Автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарып, жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылып отыр.

Сайт Әкімшілігі