Әлеумет

Александр Пак сотта Әл-Фарабидегі жол апатына қатысты өз нұсқасын айтты

Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына айыпталып отырған Александр Пак сотта сөз сөйлеп, заңда көзделген жазаны өтеуге дайын екенін мәлімдеді.

Жол апаты

«Мен үшін шартты жаза қабылдауға келмейді. Істеген ісім үшін жауапкершілікті толық көтеруге дайынмын және соны қалаймын. Бұл – үлкен трагедия», – деді сотталушы.

Пактың айтуынша, апат алдында оның басқаруындағы Zeekr 009 көлігінің панелінде бірнеше ескерту белгілері жанған. Кейін олар өшкенімен, көліктің жұмысында ақау белгілері байқалған көрінеді.

Оның сөзінше, бұрын мінген BMW көлігінде қозғалтқыш айналымын арттыру арқылы кейбір ұсақ ақаулар жойылатын болғандықтан, бұл жолы да дәл солай әрекет еткен.

Сотталушының нұсқасы бойынша, жолақ ауыстыру кезінде көліктің жолаққа қайтару жүйесі кенет іске қосылған. Ал қарсы бағытқа шығып кеткеннен кейін көлік басқаруға көнбей қалған.

«Көлік қарсы жолаққа шығып кеткен соң мүлдем басқарылмай қалды. Оны оңға да, солға да бұруға тырыстым, бірақ рөл бағынбады. Тежегіштер де жұмыс істемеді. Апаттан кейін ауруханада ғана есімді жидым. Сол жерде адамдардың қаза тапқанын білдім», – деді Александр Пак.

Еске салсақ, қайғылы жол апаты 21 наурыз күні түнгі сағат 03:30 шамасында Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Zeekr көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен бетпе-бет соғысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы әйел оқиға орнында көз жұмды.

Айыптау тарапының мәліметінше, Александр Пак көлікті жеңіл дәрежедегі мас күйде басқарған, жалған мемлекеттік нөмір таққан және жылдамдықты шамадан тыс асырған.

Сараптама қорытындысына сәйкес, апат алдында Zeekr көлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жеткен.

Бұған дейін Александр Пак өз кінәсін толық мойындаған болатын. Қаза болғандардың туыстары сотта оны кешіргендерін және бас бостандығынан айыру жазасын талап етпейтіндерін айтқан.

Іс бойынша түпкілікті шешімді сот шығарады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз