Әлеумет

"Күлпәш" фильмінен Ашаршылық құрбандары туралы мәлімет алынып тасталды

"Күлпәш" фильмінен Ашаршылық құрбандары туралы мәлімет алынып тасталды

Күлпәш фильмі

Режиссер Ақан Сатаевтың "Күлпәш" тарихи драмасы 19 қарашада Қазақстан кинотеатрларына шықты. Алайда фильмнің соңындағы Ашаршылық құрбандарының саны туралы титрлар алынып тасталған. Бұл туралы "Власть" басылымы хабарлады.

Sataifilm киностудиясының продюсері Мариям Сатаева бұл өзгеріс прокат куәлігін беретін комиссияның өтініші бойынша жасалғанын мәлімдеді.

"Титрларды алып тастадық. Прокат куәлігін беретін комиссия құрбандардың нақты саны туралы дерек жоқ болғандықтан, осылай жасауды сұрады. Бірақ фильмнің негізгі бөлігіне тиіскен жоқпыз. Ештеңе қиылған жоқ, бірде-бір көрініс өзгерген жоқ", – деді продюсер.

Еске салайық, "Күлпәш" фильмінің премьерасы 10 қарашаға жоспарланған еді. Алайда көрсетілім басталардан бірнеше сағат бұрын күтпеген жерден тоқтатылып, 11 қарашадағы прокат та кейінге шегерілді. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, фильмге цензура жасалуы мүмкін деген болжамдар айтылған.

Кейін режиссер Ақан Сатаев көрсетілімнің шегерілуін прокат куәлігін рәсімдеу мәселесімен түсіндірді.

Айта кетейік, биыл 16 маусымнан бастап Қазақстанда фильмдерді прокатқа шығарудың жаңа ережелері күшіне енді. Енді кинотуындылар заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан міндетті прокат алдындағы сараптамадан өтеді.

Бейімбет Майлиннің шығармасы негізінде түсірілген "Күлпәш" фильмі Ашаршылық жылдарында баласын аман алып қалуға тырысқан ананың тағдырын баяндайды.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз