Алакөлде тыйым салынған жерде шомылған әйел көз жұмды
Абай облысындағы Алакөл көлінде шомылуға тыйым салынған аумақта суға түскен әйел қаза тапты.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 1 шілде күні Алакөл жағалауын патрульдеу кезінде Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жағалаудан шамамен 50 метр қашықтықта суға батып бара жатқан екі адамды байқап, дереу құтқару жұмыстарына кіріскен. Құтқару операциясына оқиға куәгерлері де көмектескен.
Белгілі болғандай, қатты жел мен биік толқын салдарынан анасы мен қызы жағадан алыстап кеткен. Судан 1991 жылы туған әйел мен 2012 жылы туған кәмелетке толмаған қызы шығарылды. Дәрігерлер қыздың өмірін сақтап қалды, алайда әйелді аман алып қалу мүмкін болмады.
Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері әйелдің қайтыс болғанын тіркеді.
Абай облысының ТЖД тұрғындар мен демалушыларға жабдықталмаған әрі шомылуға тыйым салынған орындарда суға түсу өмірге қауіпті екенін ескертіп, ауа райы қолайсыз кезде және қатты жел мен толқын кезінде суға кірмеуге шақырды.