Әлемдік мұнай бағасы төмендеді
АҚШ пен Иранның бейбіт келісімге жақындағаны туралы хабарлардан кейін әлемдік мұнай бағасы төмендеп жатыр. Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 98 долларға дейін түсті.
Лондондағы ICE биржасындағы шілде айына арналған Brent бағасы сауда нәтижесі бойынша 4,87 пайызға арзандап, барреліне 98,49 доллар болды.
Ал WTI маркалы мұнайдың шілде фьючерстері 5,06 пайызға төмендеп, барреліне 91,71 доллар деңгейіне түскен.
Еске салсақ, 23 мамыр күні АҚШ пен Иран Ормуз бұғазына қатысты өзара түсіністік туралы меморандум бойынша келіссөздерді негізінен аяқтағаны белгілі болған еді.
Келісім жүзеге асса, әлемдік мұнай мен сұйытылған газ жеткізілімінің бестен бірі өтетін Ормуз бұғазы қайта ашылады.
Дегенмен, бірқатар күрделі мәселелер бойынша тараптардың пікір қайшылығы әлі сақталып отыр. 24 мамырда Дональд Трамп АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер «ұйымдасқан әрі конструктивті» өтіп жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар БАҚ АҚШ пен Иран Ормуз бұғазын ашу және Тегеранның жоғары байытылған уран қорынан бас тартуы жөнінде принциптік келісімге келгенін жазып жатыр.