Live

Әлімжеттік: әпербақанның күші – әлсіздің соры

Әлімжеттік: әпербақанның күші – әлсіздің соры

Фото JasAlash / ЖИ

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында І курс студенті қайтыс болды. Көп ұзамай оның өліміне қатысы бар деген күдікпен ІІ курс студенті ұсталды. Алдын ала тараған мәліметтерге қарағанда, қайғылы оқиғаға себеп – жоғары және төменгі курс студенттері арасындағы жанжал. Осыдан соң әлеуметтік желілерде студенттер арасындағы әлімжеттік туралы түрлі ақпарат тарады. Олардың дені жоғары курс студенттері жаңадан оқуға түскен студенттерді түрлі тапсырмаларды орындауға мәжбүрлейді, "ұрып, соғады" дегенге саяды. Әрине, мұның анық-қанығын дөп басып айту қиын, дегенмен студент өліміне қатысты туындаған қоғамдық талқылау жоғары оқу орындарындағы әлімжеттік мәселесін қайтадан су бетіне шығарды.

Әлімжеттік туралы әңгіменің бұл алғашқысы емес. Соңғы уақытта мектеп оқушылары арасындағы төбелес, әскердегі сарбаздардың бір-біріне күш көрсетуі, жоғары оқу орындарындағы үлкен курстардың төменгі курс студенттеріне үстемдік жүргізуі, еңбек ұжымдарындағы психологиялық қысым, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі жиі айтылып жүр. Әсілінде, мұның бәрі әртүрлі әлеуметтік ортада кездесетін, бір-біріне қатысы жоқ құбылыстар сияқты көрінуі мүмкін. Алайда олардың түбіне үңілсек, барлығына ортақ бір заңдылықты байқаймыз. Ол – билігі, беделі, әлеуметтік мәртебесі немесе физикалық күші басым адамның өзінен әлсіз, өзіне тәуелді не қорғансыз адамға үстемдік етуге ұмтылуы. Бір ортада мұны тәртіпке бағындыру деп түсіндірсе, екіншісінде үлкенді сыйлаудың белгісі санайды, үшіншісінде ұжымға бейімделудің қалыпты жолы ретінде қабылдайтыны бар. Тіпті кейбір адамдар әлімжеттікті адамның мінезін шыңдайтын, төзімділікке тәрбиелейтін тәжірибе деп ақтап алуға да бейім. Сонымен мұндай құбылыстың себебі неде? Бұл дертпен қалай күреспекпіз? Осы туралы әлеуметтанушылар Айгүл Беймишева мен Ләззат Бисенғалиевадан сұрадық.

Айгүл Беймишова: Әлімжеттік  – күрделі әлеуметтік құбылыс

– Қоғамдағы әлімжеттік мәселесін жекелеген адамдардың тәрбиесіздігімен, мінезінің қаталдығымен немесе агрессияға қаншалықты бейім екенімен түсіндіру жеткіліксіз. Әуелі әлімжеттік дегеннің өзі қоғамдағы билік қатынастарының, әлеуметтік теңсіздіктің, қалыптасқан мінез-құлық нормаларының және институционалдық мәдениеттің өзара ықпалдасуынан туындайтын күрделі әлеуметтік құбылыс екенін түсіну керек. Оның мектепте, университетте, әскерде, еңбек ұжымында, тіпті отбасы ішінде де кездесуі кездейсоқтық емес. Аталған орталардың құрылымы, міндеті, адамдар арасындағы қарым-қатынас сипаты әртүрлі болғанымен, барлығына ортақ бір ерекшелік бар. Ол – белгілі бір адамның немесе топтың өзінен әлсіз, тәуелді не қорғану мүмкіндігі шектеулі адамға үстемдік жүргізуге ұмтылуы. Сондықтан әлімжеттікті бір адамның екінші адамға өз билігін мойындату, оны бағындыру, қорқыныш арқылы басқару тәсілі деп қараған дұрыс. Мұнда алдымен бір маңызды мәселенің ара-жігін ажыратып алған жөн. Кез келген жанжал, төбелес немесе адамдар арасындағы келіспеушілік әлімжеттік болып саналмайды. Әлімжеттіктің негізгі белгілерінің бірі – тараптар арасындағы күш теңсіздігі. Бұл міндетті түрде физикалық күштің басымдығы деген сөз емес. Бір адамның қызметтік лауазымы жоғары болуы, екіншісінің материалдық тұрғыдан тәуелділігі, белгілі бір топтың қолдауына ие болуы, әлеуметтік беделінің жоғары болуы немесе өзгелер туралы ақпаратты бақылауы да күш артықшылығын қалыптастырады. Мысалы, мектепте бірнеше оқушының бір баланы жүйелі түрде қорлауы, университетте жоғары курс студенттерінің төменгі курс студенттерін өздеріне қызмет етуге күштеп мәжбүрлеуі, әскерде бұрын келген сарбаздардың жаңадан келгендерді кемсітуі, жұмыста басшының қызметкерді үнемі қорқытып, намысына тиюі – осының бәрі билік теңсіздігінің әртүрлі көрінісі. Әдетте әлімжеттік қайталанатын әрекеттермен сипатталады. Алайда бірреттік ауыр зорлық-зомбылықтың өзі де аса қауіпті құқықбұзушылық болуы мүмкін.

Бұл мәселенің ауқымын халықаралық зерттеулер де көрсетіп отыр. ЮНЕСКО-ның 2024 жылы жарияланған "Safe to learn and thrive: Ending violence in and through education" атты баяндамасында әлем бойынша шамамен әрбір үшінші оқушының соңғы бір ай ішінде әлімжеттікке ұшырағаны айтылады. Сондай-ақ әлемде жыл сайын шамамен бір миллиард бала физикалық, психологиялық немесе сексуалдық зорлық-зомбылықтың, не қараусыз қалдырудың қандай да бір түрін бастан кешіреді. Әрине, бұл көрсеткіштердің барлығы тікелей әлімжеттікке қатысты емес шығар, бірақ осы статистика балаларға бағытталған зорлық-зомбылықтың қаншалықты ауқымды әлеуметтік мәселе екенін аңғартады. ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, 2024 жылғы жағдай бойынша мектептегі зорлық-зомбылықпен күресуге арналған кешенді құқықтық жүйесі бар мемлекеттердің саны небәрі 32 болған. Демек, бұл мәселе әлемнің көптеген қоғамында кездеседі деген сөз.

Осы орайда әлімжеттіктің себебін түсіндіретін маңызды тұжырымдардың бірі – әлеуметтік үстемдік теориясы. Бұл теорияға сәйкес, адамдар өмір сүретін көптеген қоғамда белгілі бір иерархиялық қатынастар қалыптасады. Бір топтың мәртебесі жоғары, екінші топтың мүмкіндігі шектеулі, үшінші топтың әлеуметтік ресурстарға қол жеткізуі қиынырақ болуы мүмкін. Әлеуметтік иерархияның болуы өздігінен зорлық-зомбылық туғызбайды. Мәселе адамдардың осы теңсіздікті қаншалықты табиғи, орынды және өзгермейтін құбылыс ретінде қабылдауында жатыр. Егер белгілі бір ортада күштінің әлсізге үстемдік жүргізуі қалыпты жағдай саналса, онда зорлық-зомбылық біртіндеп, сол ортаның бейресми ережесіне айналады. Мұндай жағдайда адам өзінен төмен тұрған біреуді кемсіту арқылы өзінің мәртебесін бекітуге тырысады. 2026 жылғы қарашада International Journal of Bullying Prevention ғылыми журналында жарияланған Меган Рейнольдс, Дилан Пиджон және Эшли Бурктің жүйелі шолуы осы мәселеге назар аударады. Ғалымдар әлеуметтік үстемдікке бейімділік пен әлімжеттік арасындағы байланысты зерттеген ғылыми еңбектерді саралаған. Бастапқыда анықталған 839 жарияланымның тек тоғызы зерттеу талаптарына сәйкес келген. Олардың нәтижелері әлеуметтік үстемдікті қолдайтын көзқарастардың әлімжеттік жасау, оған ұшырау және сырттай бақылаушылардың әрекетімен байланысты болуы мүмкін екенін көрсеткен. Дегенмен авторлар зерттеулер санының аздығына байланысты мұны әлімжеттіктің түпкі себебі ретінде біржақты қабылдауға болмайтынын ескертеді. Соған қарамастан, кейбір адамдар үшін басқа біреуді қорлау – өз беделін қалыптастырудың немесе сақтаудың құралы екені жасырын емес. Осы тұста "Адам неге өзінен әлсіз біреуді қорлау арқылы өзін күшті сезінгісі келеді?" деген сұрақ туындайды. Мұның бірнеше әлеуметтік-психологиялық себебі бар. Біріншіден, кейбір ортада бедел адамның білімімен, қабілетімен, адамгершілігімен емес, өзгелерді қаншалықты бағындыра алатынымен өлшенетіні бар. Екіншіден, адам өзінің әлеуметтік мәртебесіне қауіп төнгенін сезінген кезде оны агрессия арқылы қалпына келтіруге тырысуы мүмкін. Үшіншіден, қорқыныш тудыру арқылы айналасындағыларды бақылауда ұстау кейбір адамдарға тиімді болып көрінеді. Мұндай мінез-құлық әсіресе бәсеке жоғары, болашаққа сенімі төмен, ал әділ ережелер әлсіз ортада күшейе түседі. Адам өз беделін еңбегімен немесе жетістігімен дәлелдей алмайтын жағдайда оны өзгелердің есебінен қалыптастыруға ұмтылады.

Ләззат Бисенғалиева: тарихи және экономикалық фактор әсер етеді

– Қазақстанның кеңестік отарлық тәжірибесі туралы айтқанда, ең алдымен қоғамдағы әлеуметтік қатынастардың табиғаты қалай өзгергеніне назар аудару қажет. Ресей империясының отарлық саясаты мен кейінгі кеңестік басқару жүйесі қазақ қоғамының саяси институттарын, шаруашылық құрылымын, әлеуметтік жіктелуін және мәдени өмірін түбегейлі өзгертті. Әсіресе ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы күштеп ұжымдастыру, тәркілеу, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін және мәжбүрлі қоныс аудару сияқты оқиғалар қоғамның әлеуметтік құрылымына орасан зор соққы болды. Бұл оқиғалардың салдарын тек демографиялық шығынмен немесе экономикалық күйреумен өлшеу жеткіліксіз. Олар адамдардың мемлекетпен, қоғамдық институттармен және бір-бірімен қарым-қатынасына да әсер етті. Мемлекет адамның қауіпсіздігіне кепілдік беретін институт әрі оның өміріне, мүлкіне, еркіндігіне тікелей қауіп төндіре алатын күш ретінде де көрінді. Мұндай жағдайда азаматтардың ресми институттарға сенім артуы азайды да, жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бейресми тәсілдері алға шыға бастайды. Дегенмен ашаршылықты немесе саяси қуғын-сүргінді бүгінгі мектептегі буллингтің тікелей себебі деп көрсетуге болмайды. Мұндай себеп-салдар байланысын дәлелдеу үшін арнайы ұзақ мерзімді зерттеулер қажет. Бірақ тарихи зорлық-зомбылықтың қоғамдық сенімге, отбасылық қатынастарға және билікті қабылдау ерекшеліктеріне ықпал етуі мүмкін екенін қарастыруға болады. Әсіресе қауіпсіздікке кепілдік беретін құқықтық институттар әлсіз болған жағдайда, қоғамда бейресми қорғаныс механизмдері қалыптасады. Адам өзін заңнан бөлек беделді таныстары, туыстық байланыстары, жоғары қызметтегі жақындары немесе белгілі бір топқа мүшелігі арқылы қорғауға тырысады. Мұндай орта әлімжеттіктің дамуына өте қолайлы. Себебі ықпалды адамдарға жақындығы бар адам өзінің әрекеті үшін жауапкершіліктен құтыла алатынына сенуі мүмкін, ал әлеуметтік тірегі әлсіз адам әділдікке қол жеткізе алмаймын деп ойлайды. Кеңес армиясындағы "дедовщина" құбылысы әскери қызметшілердің ресми шенінен бөлек, олардың қанша уақыт қызмет еткеніне негізделген бейресми иерархия қалыптасқан еді. Әскерге жаңадан келген сарбаздар бұрын келгендердің талаптарын орындауға, олардың жеке шаруаларын атқаруға, кейде қорлау мен күш көрсетуге төзуге мәжбүр болды. Мұндай жүйе зорлық-зомбылықтың жекелеген адамдар арасындағы жанжалдан әрі апарып, белгілі бір топтың келесі топқа үстемдік жүргізу тәртібіне айналдырып жіберді. Әскерге алғаш келген кезде қысым көрген сарбаз уақыт өте келе өзі де жаңадан келгендерге сондай әрекет жасай алады. Нәтижесінде жәбірленуші мен әлімжеттік жасаушының рөлдері ауысып отырады.  

The World Bank Economic Review ғылыми журналында жарияланған Intimate Partner Violence: The Influence of Job Opportunities for Men and Women зерттеуінде 2005-2016 жылдар аралығындағы 31 дамушы елдің деректері талданған. Зерттеу нәтижесінде ерлер арасындағы жұмыссыздық деңгейінің бір пайыздық тармаққа жоғары болуы әйелдерге қатысты физикалық зорлық-зомбылық ықтималдығының шамамен 0,5 пайыздық тармаққа жоғары болуымен байланысты екені анықталған. Авторлар мұны жұмыссыздықтан туындайтын қаржылық және психологиялық қысыммен байланыстырады. Ал әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың төмендеуі, яғни олардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерінің кеңеюі, зерттелген жағдайда зорлық-зомбылыққа ұшырау ықтималдығының төмендеуімен байланысты болған. Бұл нәтижелер экономикалық ресурстардың отбасындағы билік қатынастарына ықпал ететінін көрсетеді. Яғни дамушы елдердегі экономикалық қиындықтың зорлық-зомбылыққа әсерін бірнеше деңгейде түсіндіруге болады. Біріншіден, табыстың тұрақсыздығы адамның күнделікті өміріндегі белгісіздікті, былайша айтқанда, тұман сияқты күйді күшейтіп жібереді. Тұрақты жұмысы, баспанасы немесе әлеуметтік кепілдігі жоқ адам ұзақ мерзімді жоспар құруда қиындықтарға тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда отбасындағы жанжалдардың жиілеу қаупі бар. Екіншіден, экономикалық тәуелділік жәбірленушінің зорлық-зомбылықтан қорғану мүмкіндігін шектейді. Мысалы, отбасындағы күш көрсетуге ұшыраған әйелдің жеке табысы, баспанасы немесе әлеуметтік қолдауы болмаса, қауіпті қарым-қатынастан шығуы қиындайды. Үшіншіден, экономикалық теңсіздік адамдар арасындағы мәртебелік айырмашылықтарға артықшылық үстеп, белгілі бір ортада басымдықты күш арқылы көрсетуге дейін жеткізеді.

Мәселенің тағы бір қыры – зорлық-зомбылықтың қоғамдағы қалыпты тәртіп ретінде қабылдануы. UNICEF-тің Қазақстандағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық жөніндегі бұрынғы зерттеулерінде ересектердің едәуір бөлігі таяқты тәрбиелеудің орынды тәсілі ретінде қолдайтыны анықталған. Ұйымның мәліметінше, зерттеу жүргізілген кезеңде ересектердің шамамен 75 пайызы балалардың мінез-құлқын бақылау үшін күш қолдануды қолдаған. Сондықтан Қазақстандағы әлімжеттік мәселесін тарихи және экономикалық факторлардың тоғысында қарастыру маңызды. Кеңестік отарлық тәжірибе қоғамдағы билік қатынастарының белгілі бір үлгілерін қалыптастырды, ал тәуелсіздік жылдарындағы экономикалық өзгерістер әлеуметтік теңсіздік пен тәуелділіктің жаңа түрлерін туғызды. Бірақ бүгінгі зорлық-зомбылықтың сақталуына тек өткен тарих жауапты емес. Оған қазіргі қоғамдық институттардың жұмысы, экономикалық саясат, құқықтық қорғау тетіктері және әлеуметтік нормалар да әсер етеді. Кеңестік мұраның ықпалын мойындау қазіргі институттардың жауапкершілігін жоққа шығармауы керек. Меніңше, бұл мәселедегі ең маңызды тұжырымдардың бірі – әлімжеттік көбіне адамның күшті болуынан тумаса керек, анығында, басқа адамның әлсіз жағдайын пайдалануға мүмкіндік болса, содан туындайды. Ал әлсіздік әрдайым физикалық күштің аздығын білдірмесе керек. Ол экономикалық тәуелділік, құқықтық сауаттың төмендігі, әлеуметтік қолдаудың жоқтығы, жас ерекшелігі немесе белгілі бір ұйымнан шыға алмау сияқты жағдайлардан қалыптасуы мүмкін. Сондықтан әлімжеттікпен күресте адамдарды тек мейірімділікке, өзара сыйластыққа шақыру жеткіліксіз. Бұл тұрғыдан алғанда, біз үшін маңызды міндеттердің бірі – әлеуметтік институттардың ішіндегі билік қатынастарын ашық жүйеге айналдыру. Мектепте оқушының, әскерде сарбаздың, еңбек ұжымында қызметкердің, отбасында баланың немесе экономикалық тұрғыдан тәуелді адамның құқығы нақты қорғалуы керек. Әсіресе шағымданған адамның кейін қысымға ұшырамауына кепілдік беретін механизмдердің болуы маңызды. Себебі жәбірленуші өз құқығын қорғауға әрекет жасағаны үшін жағдайы одан әрі нашарлайтынын білсе, зорлық-зомбылық жасырын күйінде қала береді. Ал жасырын жүйенің соңы неге әкелетінін бәріміз көріп те, біліп те жүрміз.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: әлімжеттік