Алматы дәрігерлері жаңа туған нәрестеден екі келі тартатын ісікті алып тастады
Алматыда дәрігерлер салмағы небәрі төрт келіден асатын жаңа туған қыздың денесінен екі келілік ісікті алып тастады. Сегізкөз-құйымшақ аймағында орналасқан тератома нәрестенің дене салмағының шамамен жартысына тең.
Қыз бала 18 тамызда жүктіліктің 34-аптасында кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Дәрігерлер жүктіліктің 20-аптасында жүргізілген скрининг кезінде нәрестеден туа біткен түзіліс барын анықтаған.
Сәби дүниеге келгеннен кейін бірнеше сағат ішінде неонаталдық реаниматологтар мен хирургтерден құралған топ перзентханаға барып, нәрестені Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізген. Қыз жаңа туған нәрестелер реанимация бөліміне жатқызылып, күрделі операцияға дайындалған.
Келесі күні хирургтер екі сағаттан астам уақытқа созылған ота кезінде тератоманы толық алып тастаған. Мамандардың айтуынша, түзілістің құрамында сүйек, жұмсақ тіндер және кистозды қуыстар болған.
«Бұл тәжірибеміздегі ең күрделі оталардың бірі болды. Ісіктің салмағы екі келіге жетті. Яғни ол нәрестенің дене салмағының тең жартысына жуық. Ота сәтті өтті. Ісікті алып тастағаннан кейін бірден пластика жасадық. Қазір баланың жағдайы жақсы, ол үйіне шығуға дайындалып жатыр», – деді орталық бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.
Операцияны хирург Саматбек Мырзахмет, ассистент Бегалы Төребек және анестезиолог-реаниматолог Ұлықпан Әлсеитов жасаған. Нәрестенің емдеуші дәрігерлері Айжан Сексенбаева мен Едгор Сайдакбаров болған.
Дәрігерлердің мәліметінше, сегізкөз-құйымшақ тератомасы нәресте ана құрсағында жатқан кезде қалыптасады. Ол жүктілік кезінде анықталуы мүмкін және бала туғаннан кейін де өсуін жалғастырады. Кей жағдайда мұндай түзіліс ауыр асқынуларға әкеліп, өмірлік маңызды ағзалардың жұмысына әсер етуі етеді.
Нәрестенің анасы Аяжан жүктіліктің 20-аптасында тератома анықталғаннан кейін дәрігерлердің бақылауында болғанын айтты. Бұл – отбасының төрт ұлдан кейін көптен күткен қызы.
«Баламның аман қалғанына қуаныштымын. Дәрігерлер жүктіліктің соңына дейін денсаулығымды және баланың жағдайын бақылауда ұстады. Қызымды аман алып қалған дәрігерлерге алғысым шексіз», – деді ол.
Жыл басынан бері Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа туған нәрестелер бөліміне 96 бала жеткізілген. Оның 72-сіне хирургиялық ем қажет болған.