«Алматы Тазалық» қызметкерлерін видеоға түсірген әйелге айыппұл салынды
Алматы әкімдігі әлеуметтік желіде қызу талқыланған «Алматы Тазалық» қызметкерлерінің видеосына қатысты түсініктеме берді.
Әкімдік мәліметінше, видео 22 тамыз күні сағат 13:10 шамасында Майлин көшесіндегі аллеяда түсірілген. Бұл уақытта коммуналдық мекеме қызметкерлері түскі үзілісте болған.
«Алматы Тазалықтың» өндірістік персоналы тәулік бойы үш ауысымда жұмыс істейді. Қызметкерлерге екі сағаттан екі үзіліс қарастырылған: күндіз сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін, түнде 00:00-ден 02:00-ге дейін», – деп хабарлады әкімдік.
Осылайша, видеода демалып отырған қызметкерлер жұмыс уақытында емес, кестеде белгіленген үзіліс кезінде болған.
Видео жарияланғаннан кейін коммуналдық қызметкерлер өздерін түсірген әйелдің үстінен полицияға арыз жазған. Полиция оның жеке басын анықтап, «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Іс материалдары Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды.
Сонымен қатар әкімдік әйелдің итін тұмылдырықсыз серуендеткенін хабарлады. Осы әрекеті үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 43 250 теңге (10 АЕК) көлемінде айыппұл салынған.