Алматыда №209 мектепке апаратын жол жабылып қалды: тұрғындар Sensata компаниясына шағымданды
Алматыдағы №209 мектеп-гимназиясының маңында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары тұрғындардың наразылығын туғызды.
Әлеуметтік желіде тараған жазбада Sensata компаниясы мектепке апаратын жол мен жаяу жүргіншілер аллеясын жауып тастағаны айтылады.
Threads қолданушысының сөзінше, оқу жылының басталуына санаулы күн қалғанда мектепке баратын негізгі бағыттардың бірі қазылып, қоршалған. Соның салдарынан балалар мен ата-аналардың қауіпсіз жүріп өтуіне мүмкіндік қалмаған.
«Компания Sensata №209 мектепке апаратын жолды жауып, абаттандыру деген желеумен жаяу жүргіншілер аллеясын да толық жапты. Қазір балалар мен ата-аналарға қауіпсіз өтетін жер жоқ», – деп жазды тұрғын.
Жазба авторы мердігердің неліктен жұмыстарды жазғы демалыс кезінде аяқтамағанын және не себепті мектепке баратын қауіпсіз айналма жол ұйымдастырылмағанын сұрайды.
Пікір қалдырған тұрғындар да жағдайға алаңдаушылық білдірген. Олардың айтуынша, мектепке Рысқұлов көшесі жағынан да, Хо Ши Мин көшесі жағынан да жету қиындаған. Кейбір тұрғындар құрылыс басталғалы маңайдағы жолдардың жиі қазылатынын, су мен электр жарығының үзілуі көбейгенін де алға тартқан.
Жарияланған суреттерден жол бойында терең орлар қазылғаны, ауыр техника жұмыс істеп жатқаны, құбырлар төселіп, жаяу жүргіншілер аймағының бір бөлігі жабылғаны көрінеді.
Тұрғындар Алматы әкімдігі мен жауапты қызметтерден құрылыс жұмыстарының заңдылығын тексеріп, оқу жылы басталғанға дейін мектепке қауіпсіз өтетін жол ашуды талап етіп отыр.
Әзірге Алматы әкімдігі мен Sensata компаниясы тұрғындардың шағымына ресми түсініктеме берген жоқ.