Live

Алматыда 2,8 мың жылдық археологиялық ескерткіштің бір бөлігі жойылды

Алматыдағы Бутаков шатқалында құрылыс техникасы шамамен 2,8 мың жыл бұрынғы «Бұтақты-2» археологиялық ескерткішінің бір бөлігін қиратқан.

Фото: ЖИ

Бұл туралы қазақстандық археологтардың «Қазақстан – петроглифтер елі» қауымдастығы хабарлады. 

Мамандардың мәліметінше, ерте темір дәуіріне жататын көне қоныста 15 тұрғын жай болған. Құрылыс жұмыстары салдарынан соның тоғызы біржола жойылып, мәдени қабаттың едәуір бөлігі бүлінген.

Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Александр Горячевтің айтуынша, құрылыс техникасы тау бөктерін 3-4 метр тереңдікке дейін қазып, қоныстың төменгі қабатын толық қиратқан. Онда тоғыз тұрғын үй мен шаруашылық нысандары орналасқан. Ал ескерткіштің ортаңғы және жоғарғы қабаттары әзірге сақталған. 

Археологтар бұл жерден тас еңбек құралдары мен әр кезеңге жататын қыш бұйымдарын, соның ішінде ерте темір дәуірінің керамикасын тапқан.

Мамандардың айтуынша, ескерткіш аумағында тиісті рұқсатсыз құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды. Археологтар нысанды бұзуға рұқсат алу үшін өздеріне ешкім жүгінбегенін мәлімдеген. 

«Бұтақты-2» – ресми түрде қорғалатын археологиялық нысан. Ол Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ресми құжатта нысан ерте көшпенділер дәуірінің қонысы ретінде көрсетілген. 

Бұған дейін де осы аумақта жоспарланған жұмыстардың археологиялық нысандарға төндіретін қаупі көтерілген. Биылғы қоғамдық тыңдау материалдарында «Бұтақты-II» жобалық аумақтағы археологиялық ескерткіштердің бірі ретінде аталып, ауқымды жер жұмыстары мен ауыр техниканың оларға зиян келтіру қаупі туралы мәселе қойылған. 

Әзірге құрылыс жұмыстарын кім жүргізгені және тарихи ескерткіштің бүлінуіне байланысты жауапты тұлғаларға қандай шара қолданылатыны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Сайт Әкімшілігі