Алматыда Бауым тоғайында ағаш құлап, 19 жастағы қыз комаға түсті
Алматыдағы Бауым тоғайында 19 жастағы қыздың үстіне ағаш құлап, ол комаға түсті. Қайғылы оқиға жақындарының көз алдында болған.
Оқиға 27 маусым күні шамамен сағат 15:00-де болған. Қыз анасы мен кіші сіңлілерімен бірге тоғайда серуендеп жүрген. Туыстарының айтуынша, сол күні күн тынық болған, ал құлаған ағаш сырт көзге әбден қурап тұрған.
«Ол аса ауыр жарақаттар алды: бас сүйегі жаншылған, жамбас сүйегі сынған, аяғы ашық сынықпен жарақаттанған және басқа да көптеген жарақаттары бар. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Медиктер қолдан келгеннің бәрін жасауда, алайда ауыр бас-ми жарақатына байланысты ми ісінуінің қаупі әлі де жоғары», – деді зардап шеккен қыздың туыстары.
Қыздың отбасы қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік болғаны анықталса, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етеді. Сондай-ақ олар қала билігін Бауым тоғайындағы апатты ағаштарды шұғыл тексеруге шақырды. Туыстарының сөзінше, бұл аумақта әлі де құлау қаупі бар көптеген ағаш тұр.
Алматы әкімдігі оқиғаға қатысты пікір білдіріп, аталған факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлады. Ведомство өкілдері тоғай аумағында ағаштардың құлау қаупі туралы ескертетін арнайы белгілер орнатылғанын айтты.
Әкімдіктің мәліметінше, Бауым тоғайы 1877 жылы отырғызылған. Қазіргі таңда ондағы ағаштардың 70 пайыздан астамы қартаю кезеңіне жеткен. Сондықтан сырттай жасыл әрі сау көрінетін ағаштардың өзі табиғи тозу салдарынан құлап кетуі мүмкін.
Билік өкілдерінің айтуынша, 2026 жылы тоғайдағы 2 мың апатты, қураған және ауру ағашты кесу жоспарланған. Оның жартысы қазірдің өзінде жойылған. Алдымен балалар және спорт алаңдарының маңындағы қауіпті ағаштар алынып жатыр. Аумақты толық тазарту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.