Алматыда депутаттың інісі Рахат Тұрлыхановқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Алматыда белгілі әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Тергеу оның жұбайын соққыға жыққаны туралы дерек бойынша жүргізілген.
Полицияның ұстанымы
Медеу аудандық полиция басқармасының мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттелген. Алайда іс сотқа жетпей тоқтатылған. Бұған жәбірленуші тараптың ұстанымы себеп болған.
«Қылмыстық іс арызданушының шағымынан бас тартуына және істі әрі қарай қарауға қатысудан бас тартуына байланысты тоқтатылды. Отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға қатысты әрбір жағдайда азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған шаралар қабылданады. Алайда бұл жағдайда тараптардың татуласуы орын алды», – деп түсіндірді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әнші Рахат Тұрлыханов – мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың інісі. Бұл – депутат Тұрлыхановтың жақындарымен болған алғашқы шу емес.. Бұған дейін де Рахат Тұрлыханов ұқсас құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылған, алайда әр жолы іс тараптардың татуласуымен немесе арыздың қайтарып алынуымен аяқталған.
Полиция нақты бұл іс тоқтатылғанымен, қолданыстағы заңнамаға сәйкес отбасымен профилактикалық жұмыстар жалғасатынын атап өтті.