Алматыда электросамокатпен 90 км/сағ жылдамдықпен жүрген ер адам қаза тапты
Алматыда биыл электросамокат апатынан алғашқы адам өлімі тіркелді.
Қайғылы оқиға түнде Шығыс айналма автомобиль жолында болған.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 54 жастағы ер адам электросамокатпен жолдың сол жақ шеткі жолағымен жүрген. Құқық қорғау органдарының алдын ала дерегіне сәйкес, оның жылдамдығы сағатына шамамен 90 шақырымға жеткен.
Жеңіл автокөлікті басып озу кезінде ер адам электросамокатты басқара алмай, жоғары жылдамдықпен асфальтқа құлаған. Қатты соққыдан қорғаныш дулығасы басынан ұшып кеткен. Ол алған жарақаттарынан жедел жәрдем келгенше оқиға орнында көз жұмды.
Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Полиция дерегінше, жыл басынан бері Алматыда электросамокаттардың қатысуымен 91 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 96 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Бұл – биыл электросамокаттың қатысуымен болған алғашқы адам өлімі.