Live

Алматыда Канье Уэстің концертіне байланысты бірнеше көше жабылып, метро станциясы уақытша жұмысын тоқтатады

Алматыда Канье Уэстің концертіне байланысты бірнеше көше жабылып, метро станциясы уақытша жұмысын тоқтатады

Фото: krisha.kz

Алматыда 14 тамызда Орталық стадионда өтетін Канье Уэстің концертіне байланысты сағат 16:00-ден бастап бірқатар көшеде көлік қозғалысы кезең-кезеңімен шектеледі. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Абай даңғылы Мұхтар Әуезов атындағы театрдан Сейфуллин даңғылына дейін, Байтұрсынұлы көшесі Тимирязев көшесінен Шевченко көшесіне дейін, ал Сәтбаев көшесі Байзақов көшесінен Сейфуллин даңғылына дейін жабылады. Қауіпсіздік қызметінің шешімімен кейбір учаскелер ертерек жабылуы мүмкін.

Сондай-ақ сағат 21:00-де «Байқоңыр» метро станциясы жолаушылар үшін уақытша жабылады. Концертке келушілерге «Абай» және «Мұхтар Әуезов атындағы театр» станцияларын пайдалану ұсынылды.

Концертке байланысты метро жұмысы кемінде түнгі сағат 01:00-ге дейін, қажет болған жағдайда 03:00-ге дейін ұзартылады.

Іс-шара аяқталғаннан кейін Орталық стадионнан көрермендерді алты бағыт бойынша тегін шаттл автобустары тасымалдайды. Олар «Алматы Арена», «Алатау» метро станциясы, «Алматы-1» теміржол вокзалы, Орбита және Жұлдыз шағынаудандары мен Алматы әуежайы бағытында қатынайды.

Әкімдік қала тұрғындары мен қонақтарына бағыттарын алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдалануға кеңес берді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Алматы