Live

Алматыда қымбат көлік мопед мінген қызды қағып кетті

Алматыда  автокөлік мопед тізгіндеген қызды қағып кетті.

Фото: ашық дереккөз

Салдарынан қыз жарақат алып, мопеді жарамсыз күйге түскен. Алайда оның айтуынша, қатты қынжылтқаны – Toyota Land Cruiser жүргізушісінің оқиғадан кейінгі әрекеті. Жәбірленуші жүргізушінің ағасы құқық қорғау органдарында қызмет етеді деген болжам айтқан.

Бірақ полиция бұл ақпаратты жоққа шығарып, жүргізушінің полиция қызметкерлерімен туыстық байланысы бар деген мәлімет шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Жол-көлік оқиғасы түсірілген видео бүгін әлеуметтік желілерде жарияланды.

«Алдымен қағып кетті де, кейін күліп тұрды. Әртүрлі полиция қызметкерлері келді, бірақ ешкім ештеңе шешкен жоқ. Мені жедел жәрдеммен №12 ауруханаға алып кетті, кешкі 21:30-ға дейін сонда болдық. Соңында полиция да жоқ, мопедіміз де жоқ, арызымыздың жайы да белгісіз. Не болып жатқанын ешкім түсіндірмейді. Қоңырауларға жауап бермейді, бәрі жауапкершіліктен жалтарып жүр. Өздерін таныстырмайды, тек "бәрі заңға сәйкес рәсімделді" дейді. Бірақ қай заң бойынша, нақты не істелгенін айтпайды», – дейді видеода Мария есімді қыз.

Сонымен бірге ол жүргізушінің аты-жөнін білмейтінін айтқан.

Ал полиция жол апаты болғанын растады.

Полицияның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 16 шілде күні Алматы қаласының Медеу ауданындағы Жамақаев пен Арқабас көшелерінің қиылысында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser жүргізушісі қайта жолаққа ауысу кезінде өзімен бір бағытта келе жатқан Piaggio Vespa мопедімен соғысқан.

Апат салдарынан мопедтің жүргізушісі мен жолаушысы медициналық көмекке жүгінген.

Қазір Медеу аудандық полиция басқармасының әкімшілік практика бөлімі оқиға бойынша әкімшілік іс жүргізіп, апаттың барлық мән-жайын жан-жақты және объективті түрде анықтап жатыр.

Сондай-ақ полиция әлеуметтік желілерде тараған жүргізушінің полиция қызметкерлерімен туыстық байланысы бар деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін тағы да атап өтті.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жол апаты