Алматыда Розыбакиев көшесін Мұхтар Шахановтың атына беру ұсынылды
Алматыда Абдулла Розыбакиев атындағы көшені Мұхтар Шаханов есімімен атау туралы петиция жарияланды.
Петиция Gosrating.com сайтында пайда болды. Өтініш авторлары бұл мәселені алдымен Алматы қаласының ономастикалық комиссиясында қарауды, кейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығаруды ұсынады.
Петицияда Мұхтар Шаханов Қазақстанның жаңа тарихындағы маңызды тұлғалардың бірі ретінде сипатталады. Авторлар оның әдебиетке қосқан үлесін, қазақ тілін қорғаудағы еңбегін, ұлттық егемендік мәселелеріндегі ұстанымын және Желтоқсан оқиғаларын ашық талқылаудағы рөлін атап өткен.
«Мұхтар Шаханов “үнсіздік қоршауын” алғаш бұзып, Алматыдағы оқиғаларды тергеу үшін мемлекеттік комиссия құруды талап еткен жалғыз тұлға болды», – делінген өтініште.
Петиция авторлары дәл осы Розыбакиев көшесін таңдағанын да түсіндірген. Олардың айтуынша, ұзындығы шамамен 7 шақырым болатын бұл көше – қаланың ірі көлік артерияларының бірі. Ол Бостандық және Алмалы аудандарын кесіп өтіп, маңызды білім беру және қоғамдық нысандардың жанынан өтеді.
Сонымен қатар бастамашылар Абдулла Розыбакиев тұлғасына құрметпен қарайтынын атап өтті. Ол саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, 1957 жылы ақталған. Авторлар оның есімін басқа нысандарға беру, ескерткіш тақта орнату немесе Аллеядағы бюстін сақтау сияқты балама жолдарды қарастыруды ұсынады.
Петицияда Мұхтар Шахановтың есімін Алматы картасында мәңгі қалдыру – оның халық мүддесін, қазақ тілін және ел тәуелсіздігін қорғаудағы еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет болатыны айтылған.
Еске салайық, Мұхтар Шаханов 2026 жылғы 19 сәуірде 83 жасында дүниеден өтті.