Live

Алматыда зейнеткер әйелді аяусыз ұрған күдікті қамауға алынды

Алматыда аялдамада зейнеткер әйелді аяусыз соққыға жыққан ер адам қамауға алынды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.

Фото: скриншот

Полиция мәліметінше, сот санкциясымен 26 жастағы күдікті қамауға алынған.

«Тергеу қамауға алу туралы өтініш білдірді – прокуратура мен сот қолдады», – деп хабарлады ведомство.

Еске салайық, 23 сәуір күні әлеуметтік желілерде жас жігіттің аялдамада тұрған егде жастағы әйелге себепсіз жақындап, жұдырықпен ұрып-соққаны, ал әйел жерге құлағаннан кейін басынан тепкілегені түсірілген видео тараған еді.

Зардап шеккен әйелдің қызы әлеуметтік желіде бұл шабуылдың еш себепсіз жасалғанын жазды.

Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстау сәтін бейнежазбаға түсірген.

Сонымен қатар, ер адамның бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Ол адам өлтіру және ауыр дене жарақатын келтіру фактілері бойынша сотталған. Сот оны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарып, сондай-ақ жаза өтеу орнында психиатрдың амбулаторлық бақылауы мен емін тағайындаған.

Сондай-ақ 2018 жылы оның шизофрения белгілерімен өтетін жедел полиморфты психотикалық бұзылысқа шалдыққаны анықталған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Алматы