Алматыда жүргізушіні ұрып, оқиға орнынан қашып кеткен күдікті ұсталды
Алматы полициясы Сейфуллин даңғылында, Forum сауда ойын-сауық орталығының маңында болған жол жанжалынан кейін жүргізушіні ұрып кеткен ер адамды ұстады.
Әлеуметтік желілерде тараған видеодан ер адамның жол қозғалысына қатысушы екінші адамды ұрғанын, соққыдан кейін оның асфальтқа құлағанын көруге болады.
Жәбірленушінің айтуынша, жанжал қара түсті ROX жол талғамайтын көлігінің жүргізушісі кері бұрылған кезде басталған. Өз жолағымен келе жатқан жүргізуші оған жол бермеген.
Жәбірленушінің сөзінше, осыдан кейін жол талғамайтын көліктің жүргізушісі оның соңынан қуып, жолын кесіп, тоқтауға мәжбүрлеген.
Көліктер тоқтаған соң ер адам сөйлесу үшін сыртқа шыққан. Сол кезде қарсыласы оның бетінен жұдырықпен ұрған.
Соққыдан жәбірленуші асфальтқа құлап, есінен танып қалған. Куәгерлер оған көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған. Ер адамның айтуынша, ол медициналық жедел жәрдем көлігінде есін жиған. Ал шабуыл жасаған адам оқиға орнынан кетіп қалған.
Алматы полициясы аталған видеоны әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықтағанын хабарлады. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды. Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу барысын Алматы қалалық Полиция департаментінің басшылығы бақылауға алды.