Алматыдағы Alma City тұрғын үй кешенінде 17 жастағы қыз терезеден құлап қаза тапты
Алматының Наурызбай ауданында қайғылы оқиға болды. Жүнісов көшесіндегі Alma City тұрғын үй кешеніндегі көпқабатты үйдің терезесінен құлаған 17 жастағы қыз қаза тапты.
Қаза болған қыздың анасының айтуынша, кәмелетке толмаған қызы аталған тұрғын үй кешеніне құрбыларына қонаққа барған. Анасы қызына телефон соққан кезде олардың алкогольдік ішімдік ішіп отырғанын біліп, оған ұрысқан.
Куәгерлердің сөзінше, осыдан кейін қыз жігітіне хабарласып, өзін үйіне алып кетуін сұраған. Жігіт тұрғын үй кешеніне келгенімен, пәтерге көтеріліп үлгермеген. Осы кезде қыз терезеден құлап кеткен.
Алматы қалалық Полиция департаменті кәмелетке толмаған қыздың қаза болғанын растады.
«Аталған факті бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тергеу барысында құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтайды.