Алматыдағы төбелесте екі жасөспірімнің қаза табуына қатысты іс үш бап бойынша тергеліп жатыр
Алматыда екі жасөспірім қаза тапқан төбелеске байланысты қылмыстық іс үш бап бойынша тергелуде. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
«Қылмыстық іс үш бап бойынша қозғалды, оның ішінде адам өлтіру және бұзақылық баптары бар. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Негізгі күдіктілер тергеу сотының санкциясымен қамауға алынды», – деді Әділов Мәжіліс кулуарында журналистерге.
Тергеу жалғасып жатыр. Министрдің орынбасары тараптар келтірген барлық уәждер сотқа дейінгі тергеу аясында тексерілетінін айтты.
Еске салайық, 1 мамыр күні Алматыда екі жасөспірімнің өліміне әкелген төбелес фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарланған еді.