Live

Алматыдағы тұрғын үй кешеніндегі өрт: бір әйел қаза тапты

Алматының Әди Шәріпов көшесіндегі тұрғын үй кешенінде болған өрттен бір әйел қаза тауып, төрт адам ауруханаға жеткізілді.

Фото: ТЖМ Алматы

 Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

ТЖД мәліметінше, өрт 13 қабатты тұрғын үй кешенінің техникалық бөлмесі мен екінші кіреберістің бірнеше қабатында шыққан. Сонымен қатар бірінші кіреберістің 7-қабатынан 13-қабатына дейінгі электр сымдары жанған.

Құтқарушылар арнайы қорғаныс құралдарын пайдаланып, баспалдақ арқылы 148 адамды, оның ішінде 9 баланы эвакуациялаған.

«Төрт адам ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің бірі ес-түссіз күйде табылды. Оқиға орнына келген дәрігерлер реанимациялық шаралар жүргізгенімен, оны құтқару мүмкін болмады», – деп хабарлады ТЖД.

Өртті сөндіруге ТЖД-ның 90-ға жуық қызметкері мен 25 техника жұмылдырылған.

Ведомство өрттің өршуіне оқиға туралы кеш хабарлануы себеп болуы мүмкін екенін атап өтті. Тұрғындардың алдын ала мәліметінше, автоматты өрт дабылы өрт сөндірушілер шақырылғанға дейін шамамен бір жарым сағат бұрын іске қосылған. Алайда тұрғындардан өрт сөндіру қызметіне дер кезінде хабар түспеген.

Бұған дейін жүргізілген өрт-техникалық тексеру нәтижесінде жауапты тұлғаларға өрт қауіпсіздігі талаптарында анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілген.

Қазір өрттің нақты себебі анықталып жатыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: өрт Алматы