Live

Алматыдағы жүргізушілер әуежайға баруға бойкот жариялауға шақырды

Алматыда такси жүргізушілері әуежай маңында салынатын айыппұлдарға шағымданып, әріптестерін ол жаққа тапсырыс алмауға шақырып жатыр.

Фото: Үкімет

 

Жүргізушілердің айтуынша, жолаушыларды түсіру үшін тоқтағаны үшін оларға 21 мың теңге көлемінде айыппұл келіп жатыр.

Бұл мәселе Threads әлеуметтік желісінде қызу талқыланып жатыр. Қала тұрғындарының айтуынша, проблема әуежайға кіреберіс маңында туындайды. Кейбір жүргізушілер жолаушыларды түсіру үшін бірнеше минутқа ғана тоқтағанымен, кейін айыппұл алған.

Жүргізушілер мұндай жағдайлардың аз емес екенін айтады.

«Танысым мопедпен келді, тіпті оған да 21 мың теңге айыппұл салған. Жігіттер, бойкот жариялайық! Таксиді өздері тауып көрсін. Бұлай жұмыс істеу тиімсіз», – дейді Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде жарияланған видеода.

Пікірлер арасында осыған ұқсас жағдайлар туралы жазғандар да бар. Қала тұрғындарының бірі балаларын әуежай маңында түсіргеннен кейін айыппұл алғанын айтты.

Мәселе жол белгілерінде ме?

Дегенмен жаңа тәртіпті қолдайтындар да бар. Кейбір жүргізушілер мәселе жолаушыларды түсірудің өзінде емес, көліктің нақты қай жерде тоқтайтынында екенін айтады.

Халықаралық терминалдың маңында «Тоқтауға тыйым салынады» деген жол белгісі орнатылған. Одан әрі жолаушыларды түсіруге арналған арнайы белгіленген аймақ бар. Камералар осы аймаққа жетпей тоқтаған көліктерді тіркейді.

«Мен ол жаққа аптасына бірнеше рет барамын. Такси жүргізушілері жаяу жүргіншілер өткелінің үстіне тоқтап, екі минут емес, ұзақ уақыт тұрады. Жаяу жүргіншілер өткеліне көлік қоймау керек. Ол жерден балалары мен чемодандары бар адамдар өтеді. Ережені сақтаса, бәрі дұрыс болады», – деп жазды тұрғындардың бірі.

Әзірге Әуежай өкілдерінен бұған қатысты түсініктеме берілген жоқ.

Сайт Әкімшілігі