Алматының санитар дәрігерлері шетелдегі тырысқақ індеті туралы ескертті
2026 жылдың басынан бері әлемде тырысқақтың 50 мыңнан астам жағдайы және Денге қызбасының шамамен 900 мың жағдайы тіркелген. Демалыс маусымы қарсаңында Алматының санитар дәрігерлері қазақстандықтарды шетелге сапар кезінде барынша сақ болуға шақырды.
Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекциялар мен туберкулезге эпидқадағалау бөлімінің басшысы Жайдаркүл Отарбекованың айтуынша, Таиланд, Индонезия, Үндістан, Шри-Ланка, Пәкістан және Филиппинде Денге қызбасы белсенді таралып жатыр.
Маманның сөзінше, бұл инфекция маса шағуы арқылы жұғады.
«Денге қызбасының алдын алу үшін туристер репеллент қолдануы, ашық түсті жабық киім киюі, москит торлары немесе кондиционері бар орындарды таңдауы және тұрып қалған су жиналатын жерлерден аулақ болуы қажет», – деді Отарбекова.
Аталған ауру жоғары температура, қатты бас ауруы, бұлшықет пен буынның сырқырауы, әлсіздік белгілерімен өтеді. Кей жағдайда ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
Ал тырысқаққа қатысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері әлемде 51 мыңнан астам жағдай тіркеліп, оның 626-сы өліммен аяқталған.
Маманның айтуынша, инфекция көбіне лас су, жуылмаған жеміс-көкөніс және жеке гигиенаны сақтамау арқылы жұғады.
Қауіпті инфекциялардан қорғану үшін туристерге сусынға мұз қоспау, көшедегі тағамдардан бас тарту және күмәнді су айдындарында шомылмау ұсынылды.
Егер жоғары температура, іш өту секілді алғашқы белгілер байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет. Сонымен қатар шетелде болғаныңызды міндетті түрде хабарлау керек.