Live

Алматы облысында "Альби" ломбардтар желісінің заңсыз қызметі әшкереленді

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті "Альби" ломбардтар желісінің заңсыз қызметін тоқтатты.

Фото: ашық дереккөз

Тергеу мәліметінше, күдіктілердің заңсыз жолмен тапқан табысы 146 миллион теңгеден асқан.

Бұған дейін "Альби-Ломбард" ЖШС микроқаржылық қызмет көрсететін ұйымдардың тізілімінен шығарылып, ломбард қызметін жүргізу құқығынан айырылған. Алайда компания атауын "Альби-КМ" ЖШС деп өзгерткеннен кейін де Алматы және Түркістан облыстарында зергерлік бұйымдарды кепілге алып, халыққа қарыз беруді жалғастырған.

Ломбардтар негізінен базарлар мен сауда үйлерінің маңында орналасқан. Клиенттерді тарту үшін кепілге қойылған мүлікті жоғары бағалайтынын және қарыз алу несие тарихына әсер етпейтінін жарнамалаған.

Тергеу дерегіне сәйкес, қарыздар күніне 2 пайыздық өсіммен берілген. Бұл заңда белгіленген 0,3 пайыздық шекті мөлшерлемеден шамамен алты есе жоғары.

Қарыз шарттары бұрынғы "Альби-Ломбард" ЖШС-нің мөрлері басылған кепіл билеттері арқылы рәсімделген. Ақшалай есеп айырысу қолма-қол ақшамен және күдіктілердің бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің банк шоттары арқылы жүргізілген.

Күдікті әйелге қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Соттың рұқсатымен оның мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында 21 пәтер, 5 жер телімі, 7 автокөлік, 7 гараж, 2 дүкен және қонақүй бар.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Сайт Әкімшілігі