Live

Алматы тауларында жоғалған кореялық турист бір айдан бері табылмай жатыр

Алматы тауларында жоғалып кеткен 73 жастағы Оңтүстік Корея азаматын іздеу жұмыстары бір айдан астам уақыттан бері жалғасып жатыр.

Фото: ашық дереккөз

 Алайда құтқарушылар әзірге оның қайда екенін анықтай алмады.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, турист 28 қыркүйекте бір топ адаммен бірге "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортына аспалы жол арқылы көтерілген.

Кейін ол қасындағы адамдарға сапарын жалғыз жалғастырып, қалаға өз бетінше түсетінін айтқан. Алайда сол күйі қонақүйге оралмаған.

29 қыркүйекте оның жоғалғаны туралы құтқарушыларға хабар беріліп, іздеу жұмыстары басталған.

2 қарашадағы жағдай бойынша, туристің қайда екені әлі белгісіз.

Іздеу жұмыстары негізінен Талғар асуы маңында жүргізілген. Құтқарушылар Кіші Алматы айналма тау бағытын, асуларды, шатқалдар мен тау беткейлерін тексерген.

Алғашқы күндері іздеуге Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, полиция, еріктілер, кинологтар, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен авиация жұмылдырылған.

ТЖД мәліметінше, іздеу жұмыстарына таулы жердің күрделі бедері, аумақтың кеңдігі және биіктік айырмашылығы кедергі келтіріп отыр.

Жоғалған турист кім?

Бұған дейін КТК телеарнасы жоғалған азаматтың есімі Чо Кукхи екенін хабарлаған.

Телеарна мәліметінше, ер адам достарымен бірге тауға шыққан. Кейін топтан бөлініп, жалғыз өзі биікке көтерілмек болған. Осыдан кейін онымен байланыс үзілген.

Оқиға туралы Оңтүстік Корея елшілігіне де хабарланған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Талғар