Қоғам

Алматыда екі адамның өліміне себепкер болған есірткі зертханасын ұйымдастырушы Ресейден экстрадицияланды

Қазақстанда мефедрон өндірумен және сатумен айналысқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы Ресейден елге қайтарылды.

Фото: Бас прокуратура

Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстан азаматы қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін экстрадицияланған.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті Алматыда және еліміздің өзге де өңірлерінде психотроптық заттарды өндіру мен таратуды ұйымдастырған. Ол 2021 жылдан бастап қаржылық қиындыққа тап болған адамдарды қылмыстық іске тартып, топ мүшелеріне есірткіні өндіру, тасымалдау, өлшеп-орау және тарату міндеттерін жүктеген. Қатысушылардың әрекеті Telegram мессенджері арқылы қашықтан үйлестіріліп отырған.

2024 жылы ұйымдастырушының нұсқауымен Алматыда бірнеше есірткі зертханасы жабдықталған. Солардың бірінде психотроптық зат өндіру кезінде екі адам ауыр химиялық уланудан қайтыс болған. Соған қарамастан, топ жаңа адамдарды тартып, заңсыз әрекетін жалғастырған.

2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция зертханалардың бірінің жұмысын тоқтатты. Тінту кезінде 24 келіден астам химиялық зат, арнайы жабдықтар, қорғаныш құралдары және дайын өнім тәркіленген.

Күдікті 2025 жылдың шілдесінде Ресей аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторында отыр.

Айып тағылған қылмыстар бойынша кінәсі сотта дәлелденсе, оған мүлкін тәркілеумен бірге 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.

Сайт Әкімшілігі