Live

Алматыда заңсыз салынған «Жетісу-Семиречье» базары сүріліп жатыр

Алматының Түрксіб ауданындағы Қайрат шағынауданында орналасқан "Жетісу-Семиречье" базарының жалпы ауданы 56,4 мың шаршы метр болатын сауда нысандарын бұзу жұмыстары басталды.

Фото ашық дереккөз

 Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы қалалық құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, бұған дейін жүргізілген тексеріс барысында «Статус Construction» ЖШС тиісті рұқсат құжаттарынсыз жалпы ауданы 56,4 мың шаршы метр болатын сауда орындарын салғаны анықталған.

«Алматы қаласының құрылыс бақылау басқармасы Түрксіб ауданындағы Қайрат шағынауданында орналасқан базардың 56 мың шаршы метрден астам сауда алаңын бұзу жұмыстары басталғанын хабарлайды», – делінген әкімдік мәлімдемесінде.

Әкімдік мәліметінше, базар иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Алайда кәсіпкер нұсқама талаптарын орындамаған.

Осыған байланысты басқарма заңсыз салынған нысандарды бұзу туралы талап-арызбен Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінген.

Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы соттың нысандарды бұзу туралы шешімін өзгеріссіз қалдырған. Кейін сот материалдары шешімді орындау үшін Әділет департаментіне жолданған.

Қазіргі уақытта сот шешіміне сәйкес базар иесі заңсыз салынған сауда нысандарын өз күшімен бұзуға кіріскен.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Алматы