Алматылықтардың суға қарызы 550 миллион теңгеден асты
Алматы тұрғындарының су және кәріз қызметтері үшін берешегі 550 миллион теңгеден асқан. Бұл туралы "Алматы Су" кәсіпорны хабарлады.
Кәсіпорын мәліметінше, көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтер иелерінің қарызы 250 миллион теңгеге жеткен. Ал жеке сектор тұрғындарының берешегі 300 миллион теңгеден асады.
"Алматы Су" тұрғындарға коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлеу қажеттігін ескертті. Қолданыстағы тәртіп бойынша су және кәріз қызметтерінің төлемі әр айдың 25-іне дейін жүргізілуі тиіс. Ал 26-сынан бастап берешекке өсімпұл есептеледі.
Қарызын ұзақ уақыт өтемеген тұрғындардың суы шектелуі немесе тоқтатылуы мүмкін. Мұндай жағдайда тұтынушыға кемінде үш күн бұрын ескерту беріледі.
Сондай-ақ берешекті сот арқылы өндіріп алу шаралары қарастырылған. Бұл жағдайда борышкердің банк шоттарына тыйым салынуы, ал заңда көзделген жағдайларда шетелге шығуына уақытша шектеу қойылуы мүмкін.
Айта кетейік, биыл 1 қазаннан бастап Алматыда су тарифі қымбаттады. Бір текше метр ауызсудың бағасы 178,06 теңге, ал кәріз қызметінің тарифі 119,46 теңге болды.