Әлімханұлы әлем чемпионы атағынан бас тартты
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы болған Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) салмақ ауыстыратынын жариялады. Qazaq Style енді екінші орта (суперорта) салмақта бақ сынайды.
Негізі бұл дивизион Жәнібекке жат емес. Суперорта салмақтың шегі – 76,203 келі (168 фунт). Әлімханұлы әуесқой бокста жүргенде 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен. Сол салмақта жүріп, әлем чемпионы (2013 жыл), Азия чемпионы (2013 жыл) және Азия ойындарының жеңімпазы (2014 жылы) атанған.
Мамандар Әлімханұлына салмақ ауыстыруды бұрыннан ұсынып жүрген. Олар Жәнібек орта салмақ үшін (72,5 келі) тым ірі боксшы деп санайды. Жекпе-жек алдында салмақ қуу оңайға соқпайтыны айтылып жүрген. Екіншіден, орта салмаққа қарағанда суперорта салмақта бәсекелестік күшті деген пікір қалыптасқан.
Жаңа салмаққа ауысатыны жайлы боксшы өзі әлеуметтік желідегі жеке парақшасында хабарлады.
«Орта салмақты біраз шулатып, екі бірдей әлем чемпионы титулын иелендік. Qazaq style-ды осы салмақта әлемдік аренаға алып шықтық. Орта салмақ боксшыларының түнгі қорқынышы атандық. Бұл салмақта талай қызық пен қиындықты, қуаныш пен сәтсіздікті бастан өткердік. Осы салмақта әнұран шырқатып, көк ту желбіреттік. Жанкүйерлерге естен кетпес өнер көрсетіп, жарқын нокауттар сыйладық.
Енді осы ісімізді суперорта салмақта жалғастырамыз! Осы салмақта біраз атақты боксшылар бар. Менің салмағымда болғандар қазір осы суперорта салмақта өнер көрсетіп, чемпион атанып жүр. Соларды біраз қинайық. Бұл шешімді Америкадағы командамызбен, промоутер және менеджермен ақылдаса отырып, қабылдадық. Бұрыннан айтып жүретініміздей, біз бірнеше салмақта чемпионы боламыз, бұйыртса!», – деп жазды боксшы.
Әлімханұлы жаңа дивизионға өткендіктен, орта салмақтағы WBO чемпионы атағынан бас тартты. Енді жерлесіміздің еншісінде бірде-бір чемпиондық белбеу жоқ. Тек бұрынғы әлем чемпионы деген атағы ғана қалды. Оның үстіне допинг дауына байланысты бір жылдық дисквалификациясын өтеп жатыр. Демек, жаңа салмақта Жәнібектің жолы жеңіл бола қоюы екіталай.
Бірақ жақында WBO президенті Густаво Оливьери The Ring басылымына берген сұхбатында Әлімханұлы суперорта салмаққа ауысқан соң бұрынғы әлем чемпионы ретінде бірден міндетті үміткер мәртебесін алуы мүмкін екенін айтты.
«Теориялық тұрғыдан алғанда Жәнібек өзінің жеңілмеген боксшы әрі бұрынғы әлем чемпионы мәртебесіне сүйене отырып, жоғары салмақ дәрежесінде міндетті үміткер болуды сұрай алады», – деді Оливьери.
Бірақ бұл мұндайға сенім аз. Өйткені екінші орта салмақтағы WBO белбеуін британиялық Хамза Шираз иеленіп отыр. Бұл боксшы орта салмақта жүргенде-ақ Жәнібекпен жекпе-жек өткізуі мүмкін екені айтылған. Бірақ кейін ол жоғары дивизионға ауысып, беделді промоутерлерінің арқасында чемпиондық титулға қол жеткізді. Аз ғана уақытта кәсіпқой бокстың «жұлдызына» айналған британиялықтың Әлімханұлымен кездесуге бірден келісім бере қоятынына сенім аз. Оның үстіне Жәнібектің дисквалификациясы биыл желтоқсан айында ғана аяқталады, жерлесіміз соған дейін жекпе-жек өткізе алмайды.
26 шілде күні Сауд Арабиясының Жидда қаласында өткен бокс кешінде WBO чемпионы Хамза Шираз титулын сәтті қорғады. 12 раундтық жекпе-жекте ол Германия өкілі Симон Захенхуберден басым түсті. Осылайша, Хамза Шираз кәсіпқой бокстағы 24-жеңісіне қол жеткізді. Қазір оның рекорды – 24 жеңіс, 1 тең нәтиже және 19 нокаут.
Айта кетейік, Әлімханұлы былтыр желтоқсанда допинг дауына ұшыраған болатын. Qazaq Style 2025 жылы 7 желтоқсанда орта салмақтағы WBA белбеуінің иегері, кубалық боксшы Эрисланди Ларамен кездесіп, 3 титулды сарапқа салуы тиіс еді. Өкініштісі, 2 желтоқсанда боксшымыздың қанынан мельдоний препараты табылып, чемпиондық жекпе-жектен қағылды.
Одан кейінгі жағдай жұртқа белгілі. Боксшы сол кезде ешқандай тыйым салынған дәрумен ішпегенін хабарлап, «В» сынамасын ашуды талап еткен. Бірақ «В» сынамасы да оң нәтиже көрсетті. Ақыры 3 айға созылған сарсаңнан кейін Бүкіләлемдік бокс ұйымы (World Boxing Organization/WBO) Жәнібек Әлімханұлын бір жыл мерзімге дисквалификациялау туралы шешім қабылдады, чемпиондық атағын сақтап қалды. Сол кезде жанкүйерлер боксшының ұзақ мерзімге спорттан шеттетілмегеніне, чемпиондық белбеуін сақтап қалғанына қуанған болатын.
Осылайша, WBO Жәнібекке жылы қабақ танытып, салыстырмалы түрде жеңіл жаза тағайындады. Бірақ Халықаралық бокс федерациясы (IBF) біздің боксшыны сыйлай қойған жоқ. Атағынан ат үркетін даңқты боксшылардың өзін «белбеуді уақытында қорғамадың» деп, титуылынан айыратын «қатал» ұйым Әлімханұлының да IBF белдігін тартып алған.
WBO Жәнібекке жеңіл жаза тағайындағанымен, дисквалификация мерзімі аяқталған соң алғашқы жекпе-жегінде ұйымның уақытша чемпионымен немесе міндетті үміткермен өткізу жөнінде шарт қойған. Егер белгіленген талаптар орындалмаса, ұйым чемпионды қосымша рәсімдерсіз-ақ белбеуден айыра алады. Сол шарт бойынша Әлімханұлы биыл желтоқсанда ұйымның орта салмақтағы уақытша чемпионы англиялық Дензел Бентлимен жолығуы қажет болатын. Көпшілік осы сценарий жүзеге асарына сеніп жүрген еді. Енді бәрі өзгеріп сала берді. Боксшымыздың болашағы жаңа арнаға бет бұрды.
Қуаныш Қаппас