спорт

Әлімханұлы рингке қашан оралады?

Қазақстандық боксшының командасы WBO ұйымына апелляция беріп, дисквалификация мерзімін қысқартуды немесе толық алып тастауды сұрады.

Фото: из открытых источников

Әлімханұлы желтоқсанға дейін шеттетілген. Бұған дейін ол Эрисланди Ларамен өтетін жекпе-жек алдында допинг сынамасынан өте алмай, кездесуі өтпей қалған еді. Осы жағдай салдарынан қазақстандық боксшы IBF титулынан айырылып, алайда WBO белбеуін сақтап қалды.

WBO президенті Густаво Оливьери апелляция арнайы комиссияда қаралып жатқанын растады. Оның айтуынша, шешім әртүрлі болуы мүмкін — санкцияны күшінде қалдырудан бастап, толық алып тастауға дейін.

Қазіргі таңда ұйым дивизиондағы белсенділікті сақтау үшін уақытша титул енгізді. Оны британиялық Дензел Бентли жеңіп алды. Енді ол рейтингтегі екінші нөмір — кубалық Йоэнлис Эрнандеспен жұдырықтасуы мүмкін. Егер Әлімханұлының апелляциясы қанағаттандырылса, WBO оны Бентлиге қарсы толыққанды титул үшін жекпе-жекке жедел шығара алады. Ал Эрнандес міндетті үміткер ретінде өз кезегін күтеді.

Айта кетейік, допинг дауы қазақстандық боксшының мансабына әсер етіп, ірі жекпе-жектердің, соның ішінде Теренс Кроуфордпен кездесудің жүзеге аспауына себеп болды.

Сайт Әкімшілігі