спорт

Алтын, қола және Жапониядағы жарысқа жолдама: Ақтөбелік параспортшылар Бангкокте табысқа жетті

7–12 сәуір аралығында Таиланд астанасы Бангкок қаласында пара пауэрлифтингтен Азия-Тынық мұхиты аймағы чемпионаты өтіп жатыр.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Дүбірлі додаға 23 елден 250-ге жуық спортшы қатысуда. Байрақты бәсекеде ақтөбелік спортшылар жүлделі орындардан көрініп, жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Алибек Нұраш (49 келіге дейінгі салмақ дәрежесі, U17 жасөспірімдер санаты) барлық қарсыласынан басым түсіп, абсолютті чемпион атанды. Ол ең үздік талпынысында 85 келіні көтерсе, үш мүмкіндіктің қорытындысы бойынша 232 келі нәтижесін көрсетті. Осылайша Алибек чемпионаттың алтын медалін жеңіп алды.

Ал Гүлім Құрманбаева (50 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) 104 келіні бағындырып, үш талпыныстың қорытындысында 302 келі нәтиже көрсетіп, қола жүлдеге ие болды.

Бұл медаль Гүлім үшін ерекше маңызға ие. Себебі спортшы 2026 жылдың қазан айында Жапонияда өтетін V Пара Азия ойындарына қатысуға ресми жолдама жеңіп алды.

Спортшыларды жарысқа жаттықтырушылар Орынтай Бекболат пен Сергей Ведюшкин дайындады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Ақтөбе