Сараптама

«Аманатқа» аз көрінген дүние – «Әділетке» арман

Елде 30 жыл үстемдік құрып, билік партиясы атанған «Аманат» өткен аптада «Әділетке» қосылғаны соңғы күндері әбден сөз болды. «Аманат» жаңа партияға қосылғысы келетінін 12 маусымда жариялаған. «Ескі гвардия» өз аяғымен есігіне келіп тұрғанда «Әділет» «бәлсіне» қойған жоқ, көп күттірмей-ақ, 14 маусымда қатарына қосып алды.

Фото: ашық дереккөз

Тіпті «Әділет» осыны күтіп, әрең жүргендей әсер қалдырды. Арада бір күн өтпей жатып, Астанадағы «Аманаттың» бас кеңсесін «басып алды». Ғимарат маңдайшасындағы «Аманат» логотипін жұлып тастап, орнына «Әdilet» деген жазуды әдемілеп жазып қойғанын көпшілік бірден байқады. Жаңа партия мұнымен шектелмейтін сияқты, «Аманаттың» елдегі бүкіл мал-мүлкіне иелік етпек.

Сөйтіп, ресми тіркелгеніне екі апта ғана болған, мөрі мен логотипі ғана бар «Әділет» аяқ астынан «байып» шыға келді. «Байыды» дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. «Аманат» қарапайым партия емес, биліктің бір бөлшегі болғаны белгілі. «Қолда тұрғанда қоншынан басып», мемлекеттен мол қаржы алып келгені де жасырын емес. Бұл партияға бюджеттен жыл сайын қыруар қаржы бөлінетін. Мысалы, 2025 жылы елдегі 6 ресми партияға жалпы 15,2 млрд теңге бөлінсе, соның 8,7 миллиардын (57 пайызы) «Аманат» алыпты. Сондай-ақ әр облыс-ауданда филиалы, медиакомпаниясы, зерттеу институттары бар. «Әділет» бір сәтте осының бәріне қол жеткізіп, елдегі ең алпауыт ұйымға айналып шыға келді.

«Байып шыға келді» демекші, «Аманат» 12 маусым күні өткен соңғы съезінде иелік ететін дүние-мүлкі туралы есеп берген. Сол есепке сүйенсек, партия елде 233 ғимаратты пайдаланып отыр, оның 94 пайызы партия балансында екен. Яғни Қазақстанның түкпір-түкпірінде «Аманаттың» 219 ғимараты бар деген сөз. Партия бұл ғимараттарда өзі ғана отырмайды, түрлі мемлекеттік ұйымдарға кеңселерін жалға беріп, ақша табады. Осы нысандарға жауапты «Amanat партиясының шаруашылық басқармасы» деген компания 2015 жылдан бері 2 млрд теңгеге жуық салық төлепті.

Сондай-ақ «Аманат» мүшелері қазір 287 көлік мініп жүр екен, оның 72 пайызы партияның өзіне тиесілі. Бұл активтің де құны аз болмаса керек. Бұдан бөлек, партияның «Amanat Media Group», «Қоғамдық саясат институты», «Саяси менеджмент академиясы» сияқты компаниялары бар. Медиахолдинг құрамына 1 телеарна, 3 газет, 1 сайт және 2 радиостанция кіреді. Осы ақпарат құралдары мемлекеттен 2,5 млрд теңге тапсырыс алған деген дерек бар.

«Аманат» партиясының ресми сайтында 2013 жылдан 2020 жылға дейінгі қаржылық есеп жарияланыпты. Не үшін екені белгісіз, кейінгі 6 жылдың есебі жоқ. Біз ең соңғы есепті қарап көрдік. 2020 жылы «Аманат» (ол кезде «Нұр Отан» еді) республикалық бюджеттен саяси партияларды қаржыландыру есебімен 7,9 млрд теңге алыпты. Ал партия жарнасынан 2,2 млрд теңге тапқан. Екінші деңгейлі банктердегі депозиттері 1,6 млрд теңге табыс әкелген. Ал біз жоғарыда айтқан ғимараттарын жалға беруден түскен қаржы 783 млн теңге болыпты. Сондай-ақ демеушілік және қайырымдылық мақсатындағы қаржы да бар. Бәрін қоса есептегенде, 2020 жылы партия жалпы 12,5 млрд теңге табыс тапқан.

Бұл – осыдан 6 жыл бұрынғы есеп. Демек, «Аманаттың» қазіргі табысы бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені 2025 жылы бюджеттен 8,7 млрд теңге алғанын айттық. Оның үстіне кейінгі жылдары елде ғимаратты жалға алу ақысы мен депозит өсімі біршама жоғарлады. Бұл да «Аманаттың» негізгі табыс көзі саналады. Сондай-ақ партияға тиесілі 200-ден аса ғимарат пен 300-ге жуық автокөліктің нарықтағы құны да арзан емес екені анық. Демек, «Әділет» аса үлкен активке қол жеткізіп отыр.

Фото: Азаттық Радиосы / ЖИ арқылы өңделді

Мәди ОМАРОВ, саясаттанушы: Бұл – прагматикалық шешім

– Әділет» партиясын құру және кейін оған «Аманат» партиясын қосу туралы шешім – биліктің Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси мұрасынан алшақтауға бағытталған әрекетінің бір көрінісі. Бұл қадам символдық әрі институционалдық сипатқа ие деп ойлаймын. Шын мәнінде, осындай шешімді 2022 жылы, Қаңтар оқиғасынан кейін күткен едім. Сол кезде билік дәл осындай қадамға барып, «Нұр Отанмен» институционалдық, тарихи және құқықтық тұрғыдан байланысы жоқ жаңа саяси партия құрады деп болжағанмын.

Бірақ сол кезде олар мұндай шешімге бармай, ребрендингпен шектелді. Бірақ бұл қадам қоғам күткен нәтижені бере алмады. Өйткені бұқаралық санада «Аманат» бәрібір атауы өзгерген «Нұр Отан» болып қала берді. Көпшілік оның Назарбаевтың төңірегінде құрылған баяғы партия екенін жақсы түсінді. Сондықтан «Аманат» бұрынғы саяси бағытты жалғастырып жатқандай, ал билік пен саяси режим өзгермегендей әсер қалдырды.

Билік төрт жылдан кейін ғана жаңа партия құруға бел буған сияқты. Қазір Назарбаев мұрасынан алшақтау әрекеті жаңа партия құру арқылы көрініс тауып отыр. Әрине, төрт жылдан кейін бұл біраз оғаш көрінеді. Бірақ, менің ойымша, билікке қазір қоғамдық имиджден гөрі саяси мақсатқа сай әрекет ету маңыздырақ болып тұр.

Ал жаңа партияға «Аманатты» қосу не үшін қажет болды дегенге келсек, мұны да таза прагматикалық шешім деп санаймын. Өйткені «Аманаттың» еліміздің барлық өңірін қамтитын кең әрі тармақталған ұйымдық желісі бар. Оның аудан орталықтары мен шағын ауылдарға дейін жететін бөлімшелері, бастапқы партия ұйымдары, өңірлік филиалдары бар. Мұндай ресурстан ешкім бас тартпасы анық еді. Партияның өз медиахолдингі, телеарнасы, екі газеті және радиостанциясы бар. Бұл – материалдық тұрғыдан да өте құнды актив. Бұған қоса өңірлік филиалдарда, орталық аппаратта жұмыс істейтін мамандардың өзі маңызды ресурс саналады.

Сондықтан осы активтің барлығын жаңа саяси құрылымға енгізу, бір жағынан, ұйымдастырушылық және логистикалық мәселелерді шешсе, екінші жағынан, жақындап келе жатқан жаңа Құрылтай сайлауына қажетті ресурстық базаны қамтамасыз етеді. Сондықтан билік осындай қадамға барып отыр.

Қоғамда «Бір партияның мал-мүлкіне екінші партия жайдан-жай иелік ете сала ма, оның заңды негізі қандай?» деген сұрақ туындады. Оның үстіне мұндағы барлық актив мемлекеттің қаржысына алынған. Мысалы, «Аманат» меншігіндегі 200-ден аса ғимаратты мемлекеттен сатып алмағаны белгілі, биліктегі партия ретінде тегін алған болуы мүмкін. Олар қазір заңды тұлғаның қолында тұрғанымен, әу баста мемлекеттікі болған. Енді «Аманаттың» орнына келген «Әділет» соның бәріне еш қиындықсыз ие бола салмақ. Біздің елде түрлі бұлыңғыр жолмен жекешеленіп кеткен мал-мүлік аз емес. Сол үшін халықтың алаңдаушылығын түсінуге болады.

Елдегі ресми тіркелген 7 партияның бірі – «Байтақтың» төрағасы Азаматхан Әміртаев «Аманаттың» мүлкіне тәуелсіз аудит жүргізіп, оны ашық жариялауды талап етті. Ол мүліктердің «Аманатқа» қалай берілгенін, оның заңдылығы мен одан түсетін табыстың қалай пайдаланылғанын ашық тексеру қажет деп санайды. Әрі аудит кезінде кей активтің мемлекет меншігіне жататыны анықталса, оны заң аясында мемлекетке қайтаруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл партия жылдар бойы елеулі қаржы ресурсын басқарған, сондықтан қоғамға осы қаражаттың қалай жұмсалғаны туралы ашық ақпарат ауадай қажет.

Фото: Жас Алаш

Ал белгілі заңгер Айыпхан МҰХАМАДИЕВ «Аманаттың» мүлкін «Әділетке» берудің заңға томпақ тұсы жоқ екенін айтады.

«Бұл жерде екі заңды тұлға – екі партия бірікті. Сондықтан олардың барлық мүлкі олардың толық меншігі саналады. Олар өз мүлкін кімге береді, кімге сатады өздері шешеді. Демек, «Аманаттың» ғимараттары да, көліктері де қосылғаннан кейінгі партияға беріледі, солардың меншігі болады. Түптеп келгенде, «Аманатты» қосып алудағы мақсат осы болатын. Яғни дайын ғимарат, дайын мүлік, дайын партия мүшелері, қалыптасқан басқару жүйесі, аппараты – бәрі толығымен жаңа партияға көшеді. Өйткені алда үлкен сайлау келе жатыр, соған дайын болу қажет», – дейді заңгер.

Қоғамда мүлік бөлуден де маңызды бір дау туындай бастады. «Аманат» соңғы съезін өткізіп, «Әділетке» қосылатынын жариялаған соң партия төрағасы Ерлан Қошановқа ел президенті алғыс айтқан. Сол кезде Ақорданың баспасөз қызметі «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясының бұрынғы төрағасы Ерлан Қошановқа аталған лауазымдағы абыройлы, нәтижелі әрі елге пайдалы еңбегі үшін алғыс айтты» деп жазды. Яғни «Аманаттың» енді төрағасы жоқ, төрағасы жоқ болса, жарғысы да жойылған, жарғысы жойылса, партияның өзі жоқ деген сөз.

Оның үстіне партияның бас кеңсесі мен филиалдарын «Әділет» алып қойды. Партия мүшелері де жұмыс істеуін тоқтатқан сияқты. «Аманаттың» ресми сайты 12 маусымнан бері жаңарған жоқ. Соңғы жаңалық – партияның «Әділетке» қосылатыны туралы мәлімдеме. Әлеуметтік желідегі парақшасы да қаңтарылып тұр. Тіпті Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров 17 маусымдағы Парламентке «Aманат» партиясының төсбелгісін тақпай барыпты. Мұны журналистер байқап қалып, себебін сұрағанда мәжілісмен партияның съезд шешімімен «Әділетке» қосылғанын айтқан.

«Біз «Аманат» партиясы съезінің шешіміне бағынамыз, партия шешімімен «Әділетке» қосылдық. 1 шілдеден бастап «Әділет» партиясына мүшелікке өту туралы өтініш береміз. Бізді қабылдай ма, жоқ па, ол басқа сұрақ», – деп жақауратыпты депутат.

Осыған орай көпшілік «Жоқ партияның мүшелері Парламентте отырғаны заңды ма?» деген заңды сұрақ қойды. Тіпті журналист Асылхан Мамашұлы Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімоваға арыз жолдап, тарап кеткен партияның мүшелері отырған Мәжілістің легитимділігіне қатысты сұрақ қойды. «Парламент Мәжілісінің көпшілік мандатына ие болып отырған «Аманат» партиясы өзінің ұйым ретіндегі қызметі мен ресми атауынан бас тартып, Мәжілісте жоқ партияға өз еркімен жұтылса да, Мәжілістегі депутаттық мандатын ОСК-ге қайтармай отырғаны – ҚР Конституциясына қаншалықты сай келетінін анықтап, түсіндіруді сұраймын» деп жазған журналист.

Бұл – шынымен ойлануға тұрарлық жағдай. «Аманат» жұмысын тоқтатты, партия мүшелері «съезд шешіміне бағынамыз, шешім бойынша «Әділетке» қосылдық» деп отыр. Ендеше, Мәжілістегі «Аманат» фракциясы қалай жұмыс істейді, кімнің сөзін тыңдайды? Партиясы жоқ, төрағасы жоқ, саяси бюросы да жоқ. Әлде «Әділет» партиясының нұсқауын орындай ма? Олай болса, жаңадан құрылған, халықтан дауыс жинамаған, Мәжілістен мандат алмаған партия заң шығару процесіне араласқан болып шықпай ма?

Бірақ «аманаттықтар» бас кеңсесін жауып, төсбелгісінен бас тартса да, мандатын қайтарғысы келмейді. Мәжілістегі «Аманат» өкілдері партияның жабылу процесі 2-3 айға созылады, оған дейін депутаттар жұмысын жалғастыруға құқылы деп санайды. Олар «Партиялардың қосылу процесі заң тілінде біраз уақытқа созылады. Яғни партия ликвидацияға кеткенге дейін, «аманаттықтар» КВО-статусын және депутаттық мандаттың құзыретін сақтайды. Сол сияқты партияның мәслихаттардағы өкілеттігі де партия жойылғанға дейін бұлжымай қалады» деп санайды.

Конституция бойынша депутат партиядан шықса немесе шығарылса, сондай-ақ партия жұмысын тоқтатса, мандат жойылады. Бұл жерде «Аманаттың» жағдайы екінші талапқа келіп тұр. Бірақ ел саясатын ұзақ жыл уысында ұстаған партия «біз әлі толық тараған жоқпыз» дегенді желеу етіп, Парламенттен кетпей отыр. Демек, олар 1 шілдеде қазіргі қос палаталы Парламент тарағанға дейін мандатын тапсырмайды. Сонда 62 депутат Мәжіліске 2023 жылы «Аманат» мүшесі ретінде кіріп, 2026 жылы «Әділет» мүшесі ретінде шығатын сияқты.

Қуаныш ҚАППАС

Сайт Әкімшілігі