Амангелді Кеңшілікұлы. КЕНТАВР
Көкірегіңе сағыныш ұйытатын жыр жинағын оқығанда біраздан бері көрінбеген ақадал досыңмен сыр шертісіп қайтқандай болады екенсің.
Тағдырдың дәмін татулықпенен жеп-ішіп өскен құрдасың, алдыңнан арсалаңдап шыққанда, махаббаттың шарабына мас қылған жылдардың ой толғағы кеудеңді қысып, керімсал самалдай ұлпа лебі жүрекке ұрады. Суыртпақ сәуледей сырғанап кеткен дәуренге оралтып, есіңде қап қойған күй үзігіндей тебірентіп, өз көкірегіңдегі сарын тұншықтырып естіртпей келген бір әуеннің жұмбағын шешуге ынтықтыра түседі.
Адамның ессіз көңілі өң мен түстің арасында мәңгірген бүгінінен гөрі, шалғайда қалған өмірінің із тастаған өңір-тұсын жиі паналайды емес пе? Маралтайдың дертіне дауа таппай, қоңыр күздей күрсінген «Ақ батпырауығын» қолға алғанымда, алдымнан қашқан бұлғындай алыстап кеткен жылдардың сәруар самалы соғып, тәтті мұңы толқытып жіберді. Әлденені түсіндіруге талпынып, мазасызданып жатқандай, жүрдек шындық, жаттанды иба, күшеншек афоризм, таяз ақиқаттардан ада кітаптың соңғы бетін жапқанымда, жалғыздығымен жағаласып, ауыздығымен алысқан адасқақтың алапат өрттерге күймей, көбік шашты топандарға батып кетпей, құралайдың салқынан аман өткен асылы – жан тазалығын, рухани ғұмырының ақиқатын айнадан көргендей әсер алдым. Өмірді өлең-тағдырына ноқталаған ол қай-қайдағыны еске түсіріп, үмітімізді үкілеген күндердің сағымы мұнарланып, бір тамшы жас жанарымда сақиналанып, көп нәрсе ойға оралды.
«Мына жалғанға неге келдім? Не опа таптым? Кімдерді жоғалттым?» деген тұрғыдағы, үнемі ойланудан қашқақтап жүретін мазасыз сауалдар ми түкпірінен күбірлеп, сезімімді сүргілеп, жан тыныштығым бұзылды.
Менің менім қайда кетті, кім көрді?
Жалғыз кезіп жүрер болдым түндерді.
Естір болдым естілмейтін үндерді,
Теріп жүрем көрінбейтін гүлдерді.
Менің менім қайда кетті, көрдің бе?
Беймағлұм бір елеске ердім бе?
Мынау гүлді бостан-босқа тердім бе,
Мына түсті бостан-босқа көрдім бе?!
Зады, әдебиетке шамамен бір мезгілде тұяқ іліктіріп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, бір тілім нанды бөлісіп жеген туысыңдай болып кеткен замандасыңның өнеріне баға беру – қиынның қиыны. Құлын сезімін аялап жүрген, құтты сөздің қадірін білетін құрдасыңның өлеңдегі табысын тілге тиек еткенде, құдды өз жетістігіңмен мақтанғандай қуыстанып, қылмыс жасап қойғандай қысыласың. Ал өзін өзге жұрттан ерекше ұлықтап, мақтауға тоймайтын тоғышарлықтың өнерпазға абырой әперген кезі шамалы. Нағыз ақын мұндай арзан алданышқа малданбай, өмірінің тайғанақ өткелінде туған туындыларының бағасын беруді оқырман еншісіне қалдырумен келеді. Дегенмен өлеңге жаны ашитын тілеуқор оқырман, яғни әдебиеттің ертеңіне елеңдеп, кешегі мен бүгінгісін саралап, таразыға салып, күрішті күрмегінен айыра алатын тұлға ғана жүйрік болар тұлпарды мінезінен таниды.
Санасы сергек сыршыл-суреткер Темірхан Медетбектің біздің буынды «Алтынкөпірліктер» деп атағанынан бері де біраз жылдың жүзі жылыстапты. Әдеби орта кейде қызыға мойындап, кей кездері қызғана сынағанымен, таланымызға, қуанышынан гөрі, қасіреті мол алтынкөпірліктер сыбағасы бұйырған ауыр тағдырды біз Құдайдан тілеп алған жоқпыз.
Қытай даналығына сенсек, өмірдің өліарасында өмір сүргеннен асқан азап жоқ екен, мына жалғанда. Құндылықтар алмасып, адамгершілік мұраттар қазығын таппаған аттай адасып, киелі саналған ұғымдар күйреген алмағайып заманда дүние есігін ашқаннан Құдай сақтасын. Әйткенмен, пешенесіне жазылған тағдырынан қашып құтылған пенде бар ма? Біз тап осындай дүние асты үстіне түскендей төңкеріліп, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен өліара мезгілде әдебиетке келдік. Өнер үшін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалағандай» заман туған, өмірдің жадыраған жазына емес, қаһарлы қысына тап болып, тігерге тұяқ қалмаған жұтындай беймезгіл кезеңде әдебиетке ат басын бұрып, «қаңтарда жауған жаңбырында» (Жарас Сәрсек) жаурадық. Маңдайымыздан сипайтын алақанды аңсаған біз сияқты тірі жетімдерді Құдай да көзіне ілмеді. Ал Маралтайдай тұл жетімдікпен бірге рухани жетімдіктің зардабын қоса тартып, өмірін тағдыр деген ұстаға тапсыра салып, еңбегі еш кетіп, не жөнді киімі, не тойып ішер тамағы болмаған тарпаңның ішінде ит ұлып жатты.
Шөккенде түн төсіне етбетімнен,
Күлкі жоқ, ұйқы қашар бет-бетімен.
Елбіреп есіл көңіл жоқ сұрайды,
Қол жайып, дұға оқып, көктегі елден.
Бұрылып қаратпайтын артыңа бір,
Жастық-ай, сөзің өткір, зарпың ауыр.
Шыға сап ару түннің құшағынан,
Бірдеңе айтпақ болам халқыма бұл.
Кім бірақ құлақ қояр кесіміме,
Тілімді жат жауласа бесігімде.
Ел жайлы ләм-мим демес ағалардай,
Жүргенмен Елбасының есігінде.
Түн қатып, түсім қашып отырамын,
Тоналып тозып біткен топырағым.
Отына мен күйермін бүгінгі таң,
Мақшардың жауап берер сотына кім?!
Бұл – жалғыз Маралтайдың ғана емес, қонарға төбе таппай, жетім бұрыштарды жағалап, жоқшылықтың орнын рухпен толтырған ұрпақтың ащы зары. Қиын кезеңде әдебиетті тастап кетпей, өнерге берген сертінен таймаған, өлеңге деген адалдығынан айнымаған тегеурінді толқынның жанайқайы.
Бүгінгі жастар, кейде мүшәйраға арнап жазған бір өлеңінің құнын сұрап дауласып, дүниені дүрліктіріп жатады. Мұны да «алтынкөпірліктер» жемісін жей алмаған тәуелсіздіктің олжасындай көріп, жақсылығындай қабылдайық. Еңбегімізге қаламақы сұрамақ түгіл, біз, жазғанымыздың жоқтығынан емес, дүниенің тапшылығынан отыздан асқанша, пышақтың қырындай бір жыр жинағымызды да шығара алмай қиналдық.
Малдың жоқтығы, дүниенің тарлығы замандастарымның қолын байлағанымен, ой еркіндігіне тұсауын сала алмады. Өнердің өмірді өзгертетініне сеніп, келешегінен күдерін үзбеген олар әдебиетке азаттықтың рухын алып келді. Мұраты биік, арманы асқақ ұрпақтың тереңдігін тануға құмбыл болғандар Әмірханның әлем данышпандарымен ой жарыстырған еңбектерін; тағдырын көруге қызыққандар Нұржанның «Қараөзек» романын; қоңыр үніне құлақ түргісі келгендер Жарастың жұмбақ жырларын; ал мінезін байқағысы келгендер уақытқа бағынбаған өлең-өмірін, домбырасының долы үніне қайрап, махаббаттың удай балын татқан Маралтайды оқып, рухтың таза бұлағынан шөлін қандырып, мауқын бассын.
Түпсіз дүние түбің толса мен ертең,
Келмес жаққа жан сәулесін жөнелтем.
Ай толғанда күрсініп қап көкірек,
Сүрінгенде күрең түсті көлеңкем.
Мен – тірі жан, ол тірі жан – тәні гүл,
Табысып-ек сәтсіз болды бәрібір.
Өз басымдай көруші ем ғой мен оны,
Көз жасымдай тамып кеткен сары нұр.
Жарыққа ұмтылған жынды көбелектей, әдебиетке арман қуып келген алтынкөпірліктердің сөз өнерінің киесіндей өлеңді тұнық қалпында сақтап қана қалмай, өрісін ұлғайтып, жаңалық әкелгеніне таңғалмасқа амал кем. Кейде гүлдің де қара тасты жарып, жайқалып өсіп шығатыны шындық екен ғой. Тұрмыс тауқыметін тартып, тіршіліктері титықтап, бір кесе судай мейірімге зәру болған Әмірхан мен Маралтай, Жарас пен Нұржандардың пенделік «мұраттан» гөрі, өнердің асыл мұраты үшін алаңдап, мазасызданып жазған, жан сарайымызды жаңғыртқан жырларымен бірге, қазақ өлеңінің жаңа тынысы ашылып, желек жапырақтарымен жайқалып, ХХІ ғасыр поэзиясы енді түскен келіндей босағадан аттады.
Сүлеймендей аң мен құсқа зар айтып,
Өз басымды өз жырыммен қарайтып,
Опат болып оты сөнген ғаламдай,
Жанға дәру бір сәулені таба алмай,
Ойларымды жинай алмай шашылған,
Мен Уақыттың өтіп барам қасынан.
Дүниеден дос таппаған мұңлықтай зарлап, өзіне-өзі ұқсамай, жер бетінен жоғалған жанын іздеп аласұрған Маралтайдың поэзиясында бір алапат мазасыздық бар. Сол мазасыздықтың жынды құйыны кейде оны шабыттандырып, қолтығына қанат бітіріп шырқау шыңға шығарса, кейде, төбесінен ұрып төмендетіп, еңсесін көтертпей, тіршіліктің арқанымен тұсаулап, рухы мен пендешілігі, таланты мен тағдыры айқасып, итжығыс болып жатады. Өз-өзін жеңе алмай, өз жүрегінің отына өртенген мұндай мазасыздық Мұқағалида да болды. Ақиық ақын да адасып, біресе «Ильичті» біресе «Маврды» жазып, уақыт өте келе өнердегі жолын тауып, қазақ поэзиясының күніне айналды. Өнерден ой емес, жаңғырық іздейтін кешегінің сыншылары сол үшін Мұқағалиға қалай тиіссе, бүгінгінің «батыраштары» Маралтайды да бір адамға арнаған поэмасына бола жерден алып, жерге салып, ақындығы мен азаматтығына тіл тигізгендерін қояр емес. Қоймақ түгіл, үсті-үстіне үдетіп, бояуын қалыңдатып, тіпті тым артық кетіп, жеке басын да қорлап жатады.
Ақын өлтірудің ойынына қызығып, оны іске асыруға білек сыбана кіріскендердің мақсаты не? Мұраты қандай? Түсінбедім. Маралтайды өлтіріп, мұраттарыңа жетсеңдер, әділеттілік орнап, мына қу тіршілік жұмақтың бағындай жайнап сала бере ме? Амалын тауып, жаны нәзік, жүрегі жараланғыш ақынға қайта-қайта оқ атып, күндердің бір күні өлтіріп, мақсаттарыңа жетерсіңдер. Дүниеге сыймай жүрген ақынға да, дүниені қызғанып өтетін пендеге де екі метр жер табылар. Алайда ақынды өлтіргенмен, пәк махаббат мазасын алып кінәлаған шағында жүрегінің тереңінен мазасыздықтың дауылындай болып соққан, іштегі дертіңді қопарып жіберетін өлеңін қайтпексіңдер? Оны да ақынмен бірге көрге көмбексіңдер ме? Ақынды өлтіргенмен, Алланың адамға берген ең асылы, мәңгіліктің сыйы – өлеңді жер бетінен жойып жіберу әлі ешкімнің де қолынан келген емес.
Маралтайдай талантты ақындардың «махаббат пен мейірім, арман мен аңсар, үміт пен сенім, құрмет пен ізет, ант пен серт, бәрі-бәрі бір өлеңнен мың өлең оқылатын» (Ерлан Жүніс) жырлары (полифония) халықтың ғана емес, Құдайдың да қазынасы. Соны сезген ол қырықтан асқан шағында, ар азабының сиратынан өткендей болып толғатқан, өмірінен гөрі өнеріне көбірек алаңдаған жырларының бірінде тағдырын түйіндеп, ағынан ақтарылады.
Өлсем – сенің босағаңда өлемін,
Ақындарын ардақтаған өр елім!
Иесі бар иттер талап жатса да,
Киесіне шағынбаған бөрі едім.
Тозаң басқан тарихымды тозбасқа
Ниет қылып, күнде шалам бозқасқа.
Ұл қыламын десең – сенің құлыңмын,
Құл қыламын десең – егер, сөз басқа!
Қапсадағы қақпан боп,
Жауымды да бірінші боп атқам жоқ.
Әлдеқандай күн туғанда басыма,
Әлдекімдей Отанымды сатқам жоқ.
Ханның кенже баласындай ұл едім,
Ауырады жүрегім.
Бас қалада баспанасыз Қасымдай,
Қаңғып жүріп тілеуіңді тіледім.
Мұң жоқ менің мұңымдай,
Шыбын жаным шырылдайды шыбындай.
Саған қарап оқырана беремін,
Қасқа айғырдан төбел туған құлындай.
Соңғы жылдардағы біздің сыншылық өнерімізде, тұлпардың, мұрны ақбөкен текесінің танауындай делдиіп, басқалар үш аттайтын жерді бір-ақ аттап, оза шауып, дәуірі дүбірлеген шағын ұмытып, сыннан сүрінген кезімен ғана оның жүйріктігін бағалайтын бір жаман мінез пайда болды. Шын сыншы болсаңыз, ақынның осал тұсына ғана баса назар аудармай, жетістігі мен кемшілігін таразыға салып, оны дұшпан санасаңыздар да, әділеттің ақ жібінен аттамаңыздар. Егер шын суреткерді пендешілік пиғылмен жазған шығармасына ғана қарап танығымыз келсе, онда Бальзакты да адамзаттың баға жетпес байлығына айналған елу шақты туындысымен емес, бүгінгі таңда ешкім оқымайтын, ақша үшін жазған жүздеген романдарымен бағалайық. Пендешілік кімде жоқ дейсің. Шығармаларымен әлем оқырмандарының рухани шөлін әлі күнге дейін қандырып келе жатқан Бальзакта да ол болған.
Жо, жо, жоқ. Мен Маралтайдың ақындығына араша түсіп, оған адвокат болуға құмбыл емеспін. Мойындаймын, ол да оңбай қателесті. Үгіт-насихаттың құдіретіне сенгіш аңғал ақын емес, бәріне де күмәнмен қарайтын сыншы болғанда, мүмкін ондай қателікке ұрынбас па еді, кім білсін?
Әйткенмен, құдайшылығын айтыңызшы. Өз тағдырымен өзі арпалысып, кең дүниеге сыймай, өлеңмен ғана жүрегін жұбатып жүрген Маралтай кімге жамандық жасапты? Кешірілмес күнәсі мен өнерге жасаған жалғыз қиянаты сол бір туындысы ғана ма? Ағылшындар мен норвегтердің адамдық мұратынан адасып, империализм мен фашизмнің сойылын соғып, сөзін сөйлеген Киплинг пен Гамсунды да кешіруге ақыл-парасаты жетті ғой.
Егер де әлеуметтік желіде желдей есіп, оқтын-оқтын қарша борап тұратын үстірт түйіндерге жауап бермесе, ол Маралтайдың атарға оқ, айтарға сөз таппай қиналған осалдығы емес, пендешілікке былғанып, сезімін кірлеткісі келмеген – жан тазалығы. Шынтуайтына келгенде, парасат дегеннің өзі адамның адамдығын айғақтайтын жанның тазалығы емес пе?
Мен өлгенде мұңайма сен, мұңайма!
Мұңаймауға нәзік жаның шыдай ма?!
Қандай халде болар екен, белгісіз,
Қайтып бара жатқан ақын Құдайға.
О, Жаратқан, осындай да бола ма,
Жататын жер табылмастан қонаға.
Қайта тұрып кететіндей орнымнан,
Қайта айналып келе берем молама.
Сенбе, Күнім, адамзаттық ғұрыпқа,
Мен өлгем жоқ, мен өлмеймін, ұмытпа!
Денем жатқан көр басында отырам,
Бұзау сынды мөңіреген тұлыпқа.
Жырым барда мен қалайша өлемін,
Маған ұқсап тұрған жоқ па өлеңім?!
Сырын ұққан он сегіз мың ғаламның
Жүрегімді қалай, қайтіп көмемін....
Қарақұрым оқырман атынан сөз айту әлі ешкімнің қолынан келген емес. Дегенмен уақыт ыңғайына жығылып, шын дарынды заманның жүрдек принцип, жүрдек талап-ережелерінің өлшерлі-мөлшерлі қалыбына салып мүсіндеуге болмайды. Ақын өз мақсатына біз сияқты түзу жолмен емес, бұралаң соқпақтармен, кейде санасына сенгеннен гөрі, сезіміне ерік беріп, адасып жетеді. Кейде тіпті жете алмай, ой орманында қаңғырып өлетін кезі де бар.
Сыншылықтың мұраты өнерден мін, өлеңнен кір іздеу емес, ақын жанын түсінуге тырысу болса керек. Өйткені өнер мен мәдениеттің тарихы дегеніміз, адамзаттық ақыл-ойдың ғана емес, адам жанының да тарихы. Жүз жерден данышпан болса да ақын жанын түсінбей жазған әдебиет тарихы жартыкеш тарих болып қана қалмақ.
Маралтайды оқығанымда өз ойын қопарып, өз қателігін түсініп, өз күнәсін көргендей болған жылан сезім жанымнан кетпей қойды. Адамдық мейірімді, адамдық жылуды аңсаған Кентаврдың адасқақ өміріндей өлеңдерін оқи отырып, өз тағдырыммен сырласқандай қапаландым.
Тұлпарға мінген Ұлы даланың
Тарпаң мінезді ұлы боламын.
Жауларым семсер сілтеген сәтте,
Қиылған талай гүлім, қарағым.
Тереңдеп кеткен әжімің деме,
Бүгінге қарап қажыдым неге?
Сұңқарлар анау торғайға түсіп,
Естілмей кетті-ау қаз үні көлде.
Бір ғажап рух ғарыштан келіп,
Дұшпанмен бабам алысқан дедік.
Сүйемдей жерге сүйегін берген
Арыстар туып, намыстан өліп.
Көнеден қалған жыр тегін ұқсақ,
Ұйқыдан безем Күлтегін құсап.
Келмейді мені мойындағысы
Өркениеттік ділдегі ынсап.
Неғылсын сонау заманды надан,
Жаулаған жарты ғаламды бабам.
Толассыз уақыт толғату керек,
Табанға салса адамды адам.
Болмауы тиіс мұратым мұңды,
Толағай бір ұл туатын сынды.
Кісі бейнелі, тарпаң жүректі,
Кешегі... біздің ұғатын сырды.
Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі,
Бабалар бүгін түсіме енбейді.
Солардан қалған жүрек қой мынау,
Жүрегім неге кісінемейді?!