Ақмола облысында вагонның үстіне шыққан 15 жастағы оқушыны ток соқты
Ақмола облысының Шортанды кентінде теміржол вагонының үстіне шыққан 15 жастағы жасөспірімді электр тогы соқты.
Денесін күйік шалған оқушы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды «Жас Алаш» ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға 30 қазанда белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, Астанадан келген 15 жастағы оқушы теміржол вагонының үстіне шығып, жоғары кернеулі электр сымына тиіп кеткен.
Көлік полициясы департаментінің мәліметінше, оқиға кезінде екі кәмелетке толмаған бала болған. Олардың бірі Шортанды аудандық ауруханасына жеткізілсе, екіншісі үйіне өздігінен қайтқан.
«Астана-1 станциясындағы көлік полициясы басқармасы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу мүддесіне байланысты оқиғаның толық мән-жайы әзірге жарияланбайды.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы жасөспірімнің жағдайына қатысты ақпарат берді.
«Науқас шұғыл түрде қарқынды терапия палатасына жатқызылды. Штаттан тыс балалар реаниматологы Е.М. Жұмағалиевпен кеңес өткізілді. Санитариялық авиация арқылы баланың әрі қарайғы емдеу тактикасын анықтау және басқа медициналық мекемеге ауыстыру мәселесін шешу үшін балалар реаниматологы шақырылды. Дәрігерлер консилиумынан кейін баланың жағдайы тұрақтанғанға дейін бақылауда қалдыру туралы шешім қабылданды», – делінген басқарма хабарламасында.
Қазіргі уақытта жасөспірім дәрігерлердің бақылауында. Оқиғаның нақты себептері тергеу барысында анықталады.