АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер тығырыққа тіреліп, әскери шиеленіс күшейді
АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер тығырыққа тіреліп, әскери шиеленіс күшейді
АҚШ пен Иран арасындағы дипломатиялық келіссөздер әзірге нақты нәтижеге жеткізген жоқ. Екі тарап та бір-біріне қатаң талап қойып отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран Вашингтон ұсынған келісім шарттарына әзірге келіспегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Тегеран келіссөз жүргізуге ниетті болғанымен, Ақ үйді қанағаттандыратын талаптарды қабылдауға дайын емес.
Трамптың басты мақсаты – Иранның ядролық қаруға қол жеткізу мүмкіндігін мерзімсіз шектеу. Бұл талап АҚШ-тағы болашақ әкімшіліктердің билік мерзіміне тәуелді болмауы керек. Сонымен қатар америкалық президент Ирандағы билік режимін өзгертуді көздемейтінін айтты.
Ал Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ-пен арадағы жанама келіссөздер делдалдар арқылы тұрақты түрде өтіп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, Тегеран Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы мәселесін талқылауға дайын. Алайда ол үшін Вашингтон Иранның барлық талаптарын толық орындауы қажет.
Бахрейндегі АҚШ әскери нысандарына шабуыл жасалды
Дипломатиялық келіссөздер жалғасып жатқан тұста әскери шиеленіс те күшейген. Fars агенттігінің Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлауынша, корпустың аэроғарыш күштері Бахрейндегі америкалық әскери инфрақұрылымға зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы шабуыл жасаған.
Иран тарапының мәліметінше, шабуыл Шейх-Иса, Әл-Джуфайр, Риффа және Авали аудандарындағы нысандарды қамтыған.
Тегеран бұл операцияны Вашингтонның әрекеттеріне жауап ретінде түсіндірді. Сондай-ақ Иран тарапы шабуыл кезінде Patriot әуе қорғанысы кешендерінің екі радиолокациялық станциясы зақымданғанын мәлімдеді.
Алайда бұл мәліметтерге қатысты АҚШ тарапының растауы келтірілмеген.