Live

АҚШ-та танкер круиздік кемемен соқтығысты

АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласы маңында Миссисипи өзенінде танкер зәкірде тұрған круиздік кемені соғып, салдарынан жолаушылар кемесі аударылып, жартылай су астында қалды.

Фото: әлеуметтік желіден

Оқиға кезінде бортта 130-дан астам адам болған. Бұл туралы CNN және CBS News хабарлады.

Оқиға жұма күні Жаңа Орлеан портына жақын маңда болған. Atlantic Asphalt компаниясына тиесілі танкер American Cruise Lines компаниясының American Heritage круиздік кемесімен соқтығысқан. Сол сәтте жолаушылар кемесі зәкірде тұрған, экипаж адамдарды жағаға түсіруге дайындалып жатқан.

Соққыдан кейін кеме бүйіріне қарай қисайып, ақыры аударылып, жартылай суға батқан. Борттағы жолаушылардың бір бөлігі суға құлаған. Оқиға сәті куәгерлердің видеосына түсіп, әлеуметтік желілерде тарады. Жағада тұрған адамдар суға арқан лақтырып, кемедегі жолаушыларға көмектесуге тырысқан. Кейбір жолаушылар батып бара жатқан кеменің тұтқалары мен қоршауларынан ұстап, бортқа шығуға әрекет жасаған.

Оқиға орнына Жаңа Орлеан портының полициясы, қалалық өрт сөндіру қызметі, полиция, АҚШ жағалау күзеті және медицина қызметкерлері жеткен. Құтқару жұмыстары кезінде өзеннің бір бөлігі барлық кемелердің қозғалысына уақытша жабылды.

Жаңа Орлеан мэрі Хелена Мореноның мәлімдеуінше, танкер басқарудан айырылып, кемеге соқтығысқан. Оның айтуынша, бірнеше адам судан құтқарылған.

Соңғы мәлімет бойынша, круиздік кеменің 32 жолаушысы жергілікті ауруханаларға жеткізілген. Олардың ешқайсысының жағдайы ауыр емес. Жоғалып кеткен адамдар туралы ақпарат түспеген. Жаңа Орлеан университетінің медициналық орталығы мен өзге де медициналық мекемелер зардап шеккендерді тексеруден өткізген.

Соқтығысқан танкердің атауы – ATLANTIC ASPHALT. Ол асфальт пен битум тасымалдауға арналған, Маршалл аралдарының туы астында жүзеді. Кеменің ұзындығы 160 метр, ені 23,5 метр.

Ал American Heritage – АҚШ туы астында қатынайтын круиздік кеме. Қазір оқиғаның өзге мән-жайы анықталып жатыр.

Сайт Әкімшілігі