Кейіпкер

Ақшолақовтың автобус тексеру "операциясы"

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов "ақыры" халыққа мойын бұрды.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Білесіз ғой, әдетте демалыс күндері шенді-шекпенділердің дені құс атып, аң қуып, қырға шығып кетеді. Ал Болат Ақшолақов өйткен жоқ. Атырау қаласының әкімі Данияр Тахановты "қолынан жетектеп" алып, қоғамдық көлікпен "қыдырды".

Екі шендінің автобус маршруттарының жұмысын тексеру сәтін бейнетаспадан көргендер ішек-сілесі қатып, күлкіден жарылып жатыр. Біздің қазекең де қызық қой, кейде күлмейтін нәрсеге күледі. Әйтпесе, әкімдердің қоғамдық көлікке отырғанының несі күлкілі, мысалы?!

Рас, Болат Ақшолақовтың көңіл күйі онша емес сияқты. Автобустың қатқылдау орындығы жамбасына жайсыздау сезіліп тұр ма, анда-санда мұрнын сипап қойып, көбіне алдына қарап келеді. Ал Данияр Таханов аны-мұныны айтып, бастығының көңілін аулап келе жатқандай. Сырттан қараған кісі "тосын жолаушыларды" әкім деп еш ойламас еді. Киімдерін де әдейі солай киіп алған ба, құдды жұмысына асыққан құрылысшылар секілді. Әлде "екі өкпесін жын қысқан" жұрт осыған күлді ме?

Әйдік видеоны жариялаған әкімдіктің инстаграмм парақшасында мынадай жазба жарияланыпты: "Өткен демалыста Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қала әкімі Данияр Тахановпен бірге № 12, 14 және 59 автобус маршруттарының жұмысымен танысты. Қоғамдық көлік мәселесі – әлеуметтік желілер, "109" қызметі, облыс әкімдігінің Telegram-чаттары және басқа да кері байланыс арналары арқылы жиі көтерілетін тақырыптардың бірі. Мұндай өтініштер аппараттың апталық отырыстарында қаралады. Сапар барысында облыс пен қала басшылары жолаушылар тасымалының ұйымдастырылуын бақылап, аталған бағыттардағы аялдамаларды тексерді. Аялдама павильондарының бар-жоғына, техникалық жағдайына, абаттандырылуына және жолаушыларға жасалған жағдайға назар аударылды".

Көрдіңіз бе, әкімдер ойнап жүрген жоқ. Халық жиі шағымданып, кері байланысқа шыға бергеннен кейін, Ақшолақовтың "төзімі таусылған" түрі бар. Сосын кәстөм-шалбарын шешіп тастап, қолына іліккенін киген де, Тахановты қасына ертіп алып, аялдамаға тасырлатып "шауып" барған. Ары қарай не істегені жоғарыдағы ақпарда айтылып тұр. Яғни жолаушылар тасымалы қызметіне тексеру жүргізген. Бір автобустан бір автобусқа ауысып, қоғамдық көлікпен біраз "жер шалған".

Мұның енді несі жаман? Әрине, жақсы. Бірақ не істесең де "жақтырмайтын" жұрт тағы да "кері байланысқа" шығып жатыр. Қызығы, бұл жолғы кері байланыстың "кеспіріне" жалғыз атыраулықтар емес, бүкіл қазақстандықтар куә болды. Өйткені әкімдіктің парақшасында жарияланған  "қос жолаушы" жөніндегі ақпардың астына Атырау тұрғындары "жапа-тармағай" пікір қалдырыпты.

Сонда не дейді дейсіз ғой, былай дейді: "№ 7 автобусқа неге мінбеді, жолдарын көріп", "Одан да № 58 автобусқа мінгізбедіңдер ме, көрсін, халықтың қалай сағаттап автобус күтетінін", "Көп жерде аялдама жоқ, тек автобустың суретін "қадап қойған", автобустың өзі қисалаңдап барып әрең тоқтайды". "Мына әкім шынымен № 14 маршрутта отыр ма? Бос орын көп сияқты"…

Міне, бар мәселе соңғы пікірде. Әйтпесе, "қисалаңдап барып әрең тоқтайтын" автобусты облыс әкімі екі қолымен тіреп тұрмайды ғой, енді. Жолдың ой-шұқыры көп болған соң, көліктің қиқаңдайтыны – заңдылық. Ал жол неге қисық десеңіз, ол енді – екінші мәселенің жүгі. Тек "автобус жетіспейді, сағаттап күтеміз, келгеніне сыймаймыз" деп даурыққан көпшілік қос әкімнің "қосақталып" жүріп-ақ, оп-оңай "орын тауып" алғандарына таңданған сияқты. Бірақ оған таңданатын не бар? Жоғарыдағы ақпаратта жазылған: "әкімдер қоғамдық көлікті тексеруге демалыс күні шыққан".

Ал демалыс күндері не болады? Не болушы еді, шенді-шекпенді, бай-бағландар сыртқа кетеді. Бес күн тоқтаусыз жұмыс істегендер тұяқ серіппей ұйықтайды. Дүйсенбіден жұмаға дейін ию-қию болып жататын қала құлаққа ұрған танадай тыншиды. Ертелі-кеш автобусқа сыймай, иінтіресіп жататын жолаушыларды сенбі-жексенбіде "таппай" қаласыз. Міне, байқасаңыз, Болат Ақшолақовтың "автобус тексеру "операциясы" тура осындай "өліара" кезеңге тап келіп тұр…

Жалпы, билік пен халық үшін "Әкімнің автобусқа отыруы" аса қызық әңгіме емес. Себебі Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бұл тақырыптың 2015 жылы "тізесін шығарып" тастаған. Көзіне қара көзілдірік тағып алып, автобустың ішінде кішігірім "жиналыс" өткізіп жіберетін Ғабидоллаға "тең келетін" кім бар? Жаңылмасақ, өткен жылы ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов та "талап қылып", осы тақырыпта "бақ сынап" көрген еді. Өкініштісі сол, Ақшолақов құсап, қасына қала әкімін ертіп алып, маршрут тексерген Сақтағановтың да сол "сапары" аса сәтті болған жоқ.

Бірақ бұл Болат Ақшолақовтың алдында "алынбас асу тұр" дегенді білдірмейді. Ақыры "операцияны" бастаған соң, аяғына дейін жеткізуге Атырау облысы әкімінің әбден мүмкіндігі бар. Ол үшін не істеу керек?

Құдай-ау, бұдан оңай нәрсе бар ма? Қаладағы маршруттарды дұрыстап тексеру үшін алдымен өз "маршрутыңа" өзгеріс енгізесің. Қалай? Қалайыңыз не, таңертең тамаққа тойып алып, жұмысқа автобуспен тартасың. Қысылысып-қымтырылысып жүргенде, түсіп қалған түймеңді әйеліңе қадату үшін қалтаңа сап аласың. Ал ел-жұрт таптап тастаған төплиіңді дәретханада тазалап алсаң – өзіңе жақсы. Сосын "қырып-жойып" жұмыс істейсің де, көз қиығыңмен сағат тілін бақылап отырасың. Алтыға бес минут қалғанда, орныңнан тұрып, дайындала бастайсың. Сағат тілінің ұзыны да "жетер жеріне" жеткенде, артыңнан шаңды бұрқ еткізіп, қойып кіресің. Қайда? Қайда болушы еді, аялдамадағы "аласапыранға" да. Білесіз ғой, бұл "алмағайып кезеңді" жұрт "час-пик" дейді. Міне, "операцияның" көкесі – осы ғой негізі. Екі күн "жүріп өтсең" болды, көкейіңде маршрутқа қатысты ешқандай сұрақ қалмайды.

Біз айттық, қалғанын Болат Ақшолақовтың өзі біледі. Егер "маршрутымды өзгертіп", шынайы тексеруге кірісемін десе, өзіне де, елге де жақсы. Бірақ бірден ескертейік, кеңесіміз – тегін, ол үшін ақы сұрамаймыз!

Сансызбай НҰРБАБА

Сайт Әкімшілігі