Live

Ақтөбе облысында дәрігер жол апатынан қаза тапты, кейін ұлы да көз жұмды

Ақтөбе облысында бір отбасының екі мүшесі қайтыс болды. Жол апатынан Мұғалжар аудандық ауруханасында жұмыс істеген оториноларинголог дәрігер Назгүл Қантөренова қаза тапты.

Фото: ашық дерекккөз

Анасының қайтыс болғанын естіген ұлы кейін өзіне қол жұмсаған. Бұл туралы "Диапазон" басылымы хабарлады.

Жол апаты 23 қарашада Қандыағаш-Шалқар тасжолында, Жұрын ауылының маңында болған. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Renault көлігін тізгіндеген әйел рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі орға түсіп, көлік аударылған.

Жүргізуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Марқұм Назгүл Қантөренова Қандыағаш қаласындағы Мұғалжар аудандық ауруханасында құлақ, мұрын және тамақ ауруларының дәрігері болып жұмыс істеген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ол 9 қарашадан бері еңбек демалысында болған.

Кейін оның ұлы Расул Бақтыбайдың да қайтыс болғаны белгілі болды. Полиция жол апаты кезінде әйелдің көлікте жалғыз болғанын және ұлының өлімі жол апатына тікелей байланысты емес екенін нақтылады.

Анасы қайтыс болғаннан кейін жас жігіт өзіне қол жұмсаған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жол апаты